Президент павлодарлық ұстазды «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапаттады

Президент павлодарлық ұстазды «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапаттады
Фото: Ақордадан

Мемлекет басшысы мұғалімдерді кәсіби мерекесімен құттықтады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Ақордада ұстаздардың кәсіби мерекесіне орай салтанатты іс-шара өтті. Қасым-Жомарт Тоқаев педагогтерді мерекесімен құттықтап, Мұғалім күні бүкіл қоғамды біріктіретін, нағыз халықтық сипаты бар, қастерлі де қадірлі мерекеге айналғанын атап өтті.

– Ұстаз – әр адамның өмірінен ерекше орын алатын тұлға. Бұған ешкімнің де таласы жоқ деп ойлаймын, бұл – бәрімізге ортақ пікір. Ұстазды ұлықтау өркениетті қоғамның болмысын айқындайтын аса маңызды қасиет саналады. Ұлт ойшылы Абай адамның адамдығы жақсы ұстаздан болатынын айтқан. Халқымыздың заңғар жазушысы Мұхтар Әуезов те «Ұстаз – ұлы есім» деп қадір тұтқан. Мұғалімдер қауымына зор құрметпен қарау, олардың ұлт болашағы үшін атқарып жатқан табанды еңбегіне алғыс айту – баршамызға ортақ парыз. Әсіресе, қазіргідей ақпараттар ағыны күшейіп, озық технология қарқынды дамыған заманда мұғалімнің рөлі әлдеқайда арта түскені – ақиқат, – деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев Мемлекет басшысы ретінде ұстаздарды жан-жақты қолдау жұмысына айрықша мән беретінін жеткізді.

Салтанатты жиын барысында бірқатар ұстазға «Құрмет» ордені, «Ерен еңбегі үшін» медалі мен «Шапағат» медалін табыстаса, тағы бір топ мұғалімге «Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы» құрметті атағы берілді. 

Марапатталғандардың арасында Павлодар облысы, Тереңкөл ауданының Томарлы ауылының жалпы білім беретін мектебінің мұғалімі Ахметжан Садықов бар.