Президент тапсырмасы: Асайын Байханов бүгін Екібастұздың ЖЭО және жылу желілеріндегі жөндеу барысын тексерді
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Екібастұздағы температура режимін тұрақтандыруды тапсырған болатын, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Бұл туралы Павлодар облысы әкімінің баспасөз қызметі мәлімдеді.
Аймақ басшысы барған кезде станцияда 3 қазандық (2 энергетикалық және 1 су жылыту) жұмыс істеп тұрды. Жылу беру параметрлері 52/39 градус болды. 7 ақпан күні қазандықтардың саны 6-ға дейін артады.
- ЕЖЭО-ғы жұмыстарға екі ауысымда 130 адам жұмылдырылған. Павлодар мен еліміздің басқа қалаларынан қосымша бригадалар тартылған. Қазандықтарды толық тазарту қажет. Бірақ мұны жылу маусымы кезінде жасау мүмкін емес. Өйткені тазарту кезінде барлық қазандықтарды толық тоқтату қажет болады, - делінген хабарламада.
Қазір ЖЭО 7 қазандықты ауқымды күрделі жөндеуге дайындауда. Сондай-ақ, қаланың 4 негізгі жылу магистралін қайта құру жобалануда. Жұмысты көктемде бастау көзделуде.
Барлық ағымдағы жөндеу жұмыстары тәулік бойы жұмыс істейтін болады. Жұмыстар облыс әкімінің бірінші орынбасары Хасар Хабылбеков пен "Павлодарэнерго" АҚ басшыларының тұрақты бақылауында. Олар тұрғын үйлер мен әлеуметтік нысандарға жылу беруді толық тұрақтандырғанға дейін жедел штабта жұмыс істейді.
Облыс әкімі де Екібастұзда қалып, жөндеу жұмыстарының барысын бақылайды.
Еске сала кетейік, Мемлекет басшысы Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Роман Склярға және Павлодар облысының әкімі Асайын Байхановқа Екібастұздағы қала тұрғындарының пәтерлерінде және әлеуметтік нысандарда температура режимін тұрақтандыру үшін барлық қажетті шараны қабылдауды тапсырды.
Сонымен қатар Президент жылыту маусымын және жөндеу, қалпына келтіру жұмыстарының барысын тұрақты бақылауда ұстауға тапсырма берді.
Суреттерді түсірген Валерий Бугаев