Республика күні қарсаңында павлодарлық еріктілер арасында футбол жарысы өтеді

Турнирге қатысуға жеті команда өтініш білдірді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Сайысты жастар бастамаларын дамыту орталығы ұйымдастырып отыр. Орталықтың фронт-офис және волонтерлік бөлім басшысы Айжан Қалидің сөзінше, жарыс еріктілер арасындағы қарым-қатынастарды нығайту, салауатты өмір салтын насихаттау және командалық рухты қалыптастыру мақсатында өткізіледі.
– Әр командада он ойыншы және бір қақпашы болу керек. Сайысқа ер азаматтар да, қыздар да қатыса алады. Турнир спорт сити аумағында өтеді, – деді ол.
Өтінім берген ұйымдардың арасында «Ашық жүрек» және «Birgemiz» фронт-офисі бар. Сонымен қатар, Назарбаев зияткерлік мектебі және №3 гимназия мектебінің оқушы-волонтерлері де қатысуға ниет білдірді.
Жеңімпаз командаға кубок және медальдар табысталады. Ал қалған қатысушыларға ұйым атынан арнайы дайындалған сертификаттар беріледі.
Жарыс 24 қазан күні «Спорт сити» спорттық кешенінде, сағат 13:00-де өтеді.