Республикалық «Абайтану» додасында Павлодар намысын қорғайтындар белгілі болды

Республикалық «Абайтану» додасында Павлодар намысын қорғайтындар белгілі болды
Фото: облыстық білім басқармасынан

VIII «Абайтану» олимпиадасының облыстық кезеңіне 9–11- сынып оқушылары қатысты, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі. 

«Ертіс дарыны» өңірлік қосымша білім беру оқу-әдістемелік орталығы ұйымдастырған дәстүрлі шарада қатысушылар Абай шығармашылығын терең меңгергенін көрсетіп, эссе жазу мен көркем мәтінді талдау бойынша білімдерін тексерді.

Олимпиада екі кезең бойынша өтті. Әрі оқушылардың шығармашылық қабілеттері мен грамматикалық сауаттылық деңгейін анықтауға бағытталды. 

Байқауға қалалық, аудандық кезеңдердің жеңімпаздары қатысты. Сайыс қорытындысы бойынша 10 оқушы жүлделі орынға ие болды. 1-2-орындарға үш-үш оқушы ие болса, 3-орынға 4 қатысушы лайық болды.

І дәрежелі дипломмен Павлодар қаласы №38 орта мектебінің 11-сынып оқушысы Мұнара Қуаныш, Екібастұз қаласы №25 қазақ қыздар гимназиясының 10-сынып оқушысы Меруерт Инербаева, Ы.Алтынсарин атындағы облыстық қазақ гимназия-интернатының 9-сынып оқушысы Еркежан Шорман марапатталды.

Жеңімпаздар 21–24 сәуір аралығында Алматы қаласында өтетін республикалық олимпиаданың қорытынды кезеңінде аймақ намысын қорғайтын болады.