Павлодарлық оқушы халықаралық олимпиададан күміс медальмен оралды

Павлодарлық оқушы халықаралық олимпиададан күміс медальмен оралды
Фото: Константин Шелков

Жарысқа әлемнің 54 елінен 212 қатысушы қатысты, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Грузияның Цхалтубо қаласында өткен EGMO-2024 қыздарға арналған халықаралық математика олимпиадасының қорытындысы белгілі болды. Қазақстан құрама командасының намысын төрт оқушы мен екі басшы қорғады. Олар аталмыш байқаудан елге төрт медальмен оралды.

ҰБТ олимпиада қорытындысы бойынша барлық төрт қызға медальдар беріліп, Еуропа елдері арасындағы рейтингте оныншы, ал жалпыкомандалық рейтингте он жетінші орынды иеленді. 

Күміс медаль иегерлері  Павлодар қаласының дарынды балаларға арналған №8 мектеп-лицейінің 11-сынып оқушысы Анастасия Одинцова,  Алматы қаласы  физика-математика бағыты бойынша Назарбаев Зияткерлік мектебінің 11-сынып оқушысы Әміре Кенбаев болды.

Алматы қаласы Haileybury халықаралық мектебінің 11-сынып оқушысы Арай Қасенова, республикалық физика-математика мектебінің 9-сынып оқушысы Аружан Батырхан қола жүлдегер атанды.

Команда жетекшілері республикалық және халықаралық олимпиадалардың бірнеше дүркін жеңімпаздары мен жүлдегерлері Медеубек Күнғожин мен Александр Шакиев.

Сондай-ақ, жеңімпаздар мен жаттықтырушылар халықаралық математика олимпиадасындағы тамаша нәтижелері үшін грамоталармен, Алғыс хаттармен марапатталды.

Айта кетейік, EGMO алғаш рет 2012 жылы Ұлыбританияның Кембридж қаласында өткізілді. Қазақстан командасы олимпиадаға 2017 жылдан бері қатысып келеді. Осы уақыт ішінде команда үш алтын, он бір күміс, он екі қола медаль және төрт Құрмет грамотасын жеңіп алды.