«Саламатты Қазақстан»: Шалғай ауылдарға медициналық көмек көрсетілді

«Саламатты Қазақстан»: Шалғай ауылдарға медициналық көмек көрсетілді
Фото: ҚР Денсаулық сақтау министрлігі

Тоғыз айда мамандар 60 мыңға жуық ауыл тұрғындарын, оның ішінде 14 мыңнан астам баланы қарап-тексерді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz

ҚР Денсаулық сақтау министрлігі баспасөз қызметінің мәліметінше, шалғайдағы ауылдарда 165 мыңнан астам медициналық қызмет көрсетілді, оның ішінде бейінді мамандардың консультациялары, аспаптық және зертханалық зерттеулер бар.

– Медициналық пойыздың жұмысы барысында 3007 науқас түрлі аурулармен анықталды, оның ішінде 561-і жүрек-қантамыр жүйесі ауруларынан, 76 адам қант диабетімен, 112-сі глаукомамен ауыратыны белгілі болды. Емханаларда 2973 пациент, оның ішінде 449 бала тұрақты бақылауға алынды, – деп атап өтті министрліктегілер.

«Саламатты Қазақстан» пойызы жыл басынан бері Қазақстанның 12 облысының 91 станциясын қамтыды. Медициналық қызметтерді терапевт, педиатр, кардиолог, рентгенолог, хирург/травматолог, оториноларинголог, невропатолог, стоматолог, акушер-гинеколог, уролог, офтальмолог, ультрадыбыстық диагностика дәрігері және психолог сияқты 14 бейінді маман көрсетті. Өткен жылмен салыстырғанда пойыз рентген аппаратымен, маммографпен, ЭЭГ, сигмоидоскоппен, калькоскоппен жабдықталған.

– Медициналық қызмет көрсету барысында бірқатар ерекше жағдайлар анықталды, олар уақтылы диагноз қойылып, емдеудің одан әрі тәсілі бойынша шұғыл шаралар қабылданды. Мысалы,электрокардиографиялық зерттеу жүргізу кезінде пациенттерде миокард инфарктісі көрінісінің болу жағдайлары анықталды, оларды жедел медициналық жәрдем бригадасы шұғыл түрде стационарға жатқызды.. Егде жастағы адамдар мен балаларға, сондай-ақ тұрақты медициналық көмекке мұқтаж тұрғындарға ерекше назар аударылды, – делінген хабарламада.

Бұл әлеуметтік жоба жыл сайын Денсаулық сақтау министрлігі мен «Самұрық-Қазына» АҚ арасындағы меморандум аясында шалғай аудандардың тұрғындарына медициналық көмектің қолжетімділігін арттыру мақсатында жүзеге асырылуда.