Сарапшылар Майқайыңды зерттейді
Тұрғындардың өміріне қауіп төнуі мүмкін екенін ескере отырып, осындай шешім қабылданды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің бастығы Жасұлан Жұмашев мамандар кентте және оған іргелес аумақтарда пайда болған ішкі жылжымалы көшкіндерді, жарықтарды тексеретінін мәлім етті.
«Ашық НҚА» порталында жарияланған жобада 1 наурыздан бастап Баянауыл ауданы Майқайың кенті аумағында жергілікті ауқымдағы техногенді сипаттағы төтенше жағдай режимін жариялау туралы жазылған.
– Баянауыл ауданының төтенше жағдайлардың алдын алу және жою жөніндегі аудандық комиссиясының 2024 жылғы 28 ақпандағы кезектен тыс отырысының №5 хаттамасына сәйкес, «Майқайың-алтын» акционерлік қоғамының жерасты кеніші аумағында жердің опырылуы орын алған жерге жақын орналасқан тұрғын үйлердің тұрғындарының өміріне қауіп төнуі мүмкін болуына байланысты Майқайың кентінде жергілікті ауқымдағы техногендік сипаттағы төтенше жағдай жариялансын, – делінген шешімде.
Баянауыл ауданының әкімдігінде құжат «Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы», «Азаматтық қорғау туралы» ҚР Заңдары, ҚР ТЖ министрінің м.а. бұйрығы, сондай-ақ ауданның төтенше жағдайлардың алдын алу және жою жөніндегі аудандық комиссияның кезектен тыс отырысының хаттамасы негізінде қабылданды.
ТЖ жою басшысы болып аудан әкімінің орынбасары Еркін Арыстанбеков тағайындалды.
Естеріңізге сала кетейік, 23 ақпанда кентте су құбырындағы ақауға байланысты жергілікті ауқымдағы техногендік сипаттағы төтенше жағдай жарияланды.