«Сарбаз-2024»: Павлодарда оқушылар ептілік пен жылдамдықтан сынға түсуде

«Сарбаз-2024»: Павлодарда оқушылар ептілік пен жылдамдықтан сынға түсуде
Фото: Мақсат Көлтайұлы

Жарысқа оннан астам команда қатысуда, деп хабарлайды  @Pavlodarnews.kz тілшісі.   

Облыстық білім беру басқармасының ұйымдастыруымен КСРО батыры Сағадат Нұрмағамбетовтың 100 жылдығына және Ауған соғысы ардагерлерінің Ауғанстаннан шығарылғанына 35 жыл толуына арналған облыстық «Сарбаз-2024» қысқы әскери-патриоттық жарысы ұйымдастырылуда. 

Жарысқа облыс аудандары мен қалаларынан 12 команда қатысады. Жас сарбаздар жарыстың бес түрі бойынша сынға түседі. Олар автоматты шашып-жинау, шаңғымен жүгіру, 10 метрден қарудан ату, кермеде тартылу, қорғаныс киімін кию бойынша сайыспақ. 

– Аталмыш жарысқа облысымздың таңдаулы оқушыларынан құралған командалар қатысады. Осы жарыс бойынша облыстық құрама жинақталып, жазда республикалық жарысқа аттанатын болады. Бұл құрамаға осы жарыста жақсы өнер көрсетіп, үздік атанғандар алынады, – дейді Екібастұз қаласы Солнечный кентінің әскери жетекшісі Жұмажан Жұмаханұлы. 

Ауған соғысының ардагерлері жас сарбаздарға сәттілік тілеп, дәстүрлі жарыстың шымылдығын ашты. 

– Облыста  Ауған соғысына қатысқан 36 жауынгер көз жұмған болатын. Бүгінгі таңда оларға құрмет көрсетіліп, осындай іс-шараларды ұйымдастырып жатқанына қуаныштымыз, – дейді ардагер Төлеген Кукумбаев. 

Айта кету керек, бүгінгі таңда облыс бойынша Ауған соғысына қатысқан 735 ардагер бар, ал облыс орталығында олардың саны – 327.