Емхана мен ауруханалардағы кезектер цифрландырылады
Денсаулық сақтау министрінің орынбасары Бейбіт Есенбаев емханалар мен ауруханалардағы ұзынсонар кезек мәселесін шешудің жолдарын атады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Бүгінгі таңда денсаулық сақтау жүйесінде көптеген бейресми кезектер бар. Пациент өз кезегінің қашан келетінін әрдайым біле бермейді. Мысалы, экстракорпоралдық ұрықтандыру (ЭКҰ) квотасын алу, буындарды ауыстыру және тағы сол сияқты. Осы орайда медициналық мекемелердегі көптеген бейресми кезектер цифрландырылады. Осылайша цифрлық сервистер арқылы халықты ақпараттандыру ашық болады»,– деді Бейбіт Есенбаев орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз мәслихатында.
Вице-министрдің айтуынша, пациенттерге кейбір медициналық қызметтер бойынша ақпарат SMS хабарлама арқылы жеткізіледі.
Атап айтқанда:
1) пациенттің стационардан шығарылғандығы туралы;
2) амбулаториялық дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету шеңберінде рецепт жазып беру;
3) жүкті әйелдерді жоспарлы емдеуге жатқызу мерзімі;
4) жүкті әйелдер үшін жоспарлы қарап-тексерудің жоспарланған күні туралы;
5) медициналық ұйымға тіркелудің өзгеруі туралы.