Семей полигонынан зардап шеккен зейнеткерлерге Павлодарда тегін жол жүру енгізілді
Павлодар қаласында қоғамдық көліктегі жеңілдіктер бойынша бүгінгі таңда 18 санаттағы азаматқа жеңілдік қарастырылған, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Оның ішінде 17 санаттағы азаматтар қоғамдық көлікте тегін жүрсе, зейнеткерлік жасқа жеткен қала тұрғындары осы уақытқа дейін 50 пайыздық жеңілдікпен қатынап келген.
Енді Павлодар қалалық мәслихатының кезекті отыз тоғызыншы сессиясының шешіміне сәйкес, Семей ядролық полигонынан зардап шеккен, зейнеткерлік жасқа толған азаматтар қоғамдық көлікте тегін жүру мүмкіндігіне ие болды. Бұл шешім қала мәслихаты депутаттарының қолдауымен қабылданды.
– Аталған мәселе бұрыннан бері көтеріліп келген. Өткен жылы осы санаттағы азаматтардың белсенді өкілдері бірнеше рет мәслихатқа келіп, өз өтініштерін білдірген. Сонымен қатар, қала, облыс әкімдеріне жүгініп, олардың қолдауының нәтижесінде азаматтардың ұсыныстары ескеріліп, тиісті шешім қабылданды, – деді қалалық мәслихатының төрағасы Қобыланбек Қожин.
Айта кету керек, 2025 жылға арналған бюджет өткен жылы пысықталып, бекітілген болатын. Сол кезде бұл өзгерісті енгізу қарастырылып, жуырда нақты шешім қабылданды.
Енді бұл шешім заңды күшіне енуі үшін нормативтік құқықтық актілердің эталондық банкіне тіркеліп, ресми жариялануы қажет. Тіркеуден өткеннен кейін мәслихат пен әкімдіктің сайттарында, сондай-ақ бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланып, заңды күшіне енеді.
Жалпы алғанда, енгізілген өзгерістер әлеуметтік қолдауды күшейтіп, азаматтардың қоғамдық көлікті пайдалану мүмкіндігін кеңейтуге бағытталған.