«Серпін-2050»: Қызылорда жастары Павлодарға келуге құлшыныс танытуда
Оңтүстік өңірлерде «Серпін» бағдарламасы бойынша құжаттарды қабылдау бойынша жұмыс жалғасуда, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Қызылордада Қорқыт Ата атындағы университет базасында Әлкей Марғұлан атындағы Павлодар педагогикалық университеті жастар саясаты басқармасының мамандары Дариға Жұматай мен Арайлым Сүндетова белсенді қабылдау науқанын жүргізуде.
ЖОО-ның қабылдау комиссиясы Қорқыт Ата университетінің бесінші корпусында орналасқан. Мамандар талапкерлермен түсіндіру жұмыстарын жүргізеді, құжаттарды ресімдеуге көмектеседі, сондай-ақ білім беру гранттарын беру конкурсына қатысуға өтініш қабылдайды.
– Талапкерлерге «Серпін-2050» бағдарламасы туралы ақпарат берілді. Қазіргі уақытта талапкерлердің 90 пайызға жуығы шешім қабылдап, біздің ЖОО-ны таңдады. Үміткерлердің арасында ағылшын тілі, география, тарих және бастауыш сынып мұғалімдерін даярлау сияқты мамандықтарды таңдайтындар көп, – дейді комиссия өкілдері.
Айта кетейік, биыл «Серпін» бағдарламасына 10 жыл толады. Оңтүстік өңірлерден келген студенттерді оқыту үшін 3903 грант бөлінді. Тегін оқу гранттарынан басқа, жоғары оқу орындары елдің оңтүстігінен келген талапкерлерге стипендия, жатақхана және одан әрі жұмысқа орналасуды ұсынады.