Шұлық зауыты Қалқаман ауылын дағдарыстан шығармақ
Инвесторлар ауылда жаңа 300 жұмыс орнын ашуға ниетті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыс әкімі Асайын Байханов жұмыс сапары кезінде Қалқаманға ат басын бұрды. 2025 жылы осы ауылда шымкенттік инвестор «ӘЛЕМ-БТ» ЖШС шұлық шығаратын зауыт салмақшы. Ол жылына 15 миллион жұп шұлық шығаруға қауқарлы, кейін оны 30 миллион жұпқа арттыру мүмкіндігі бар.
Жоба басшысы Жанболат Құрманбаев өңір басшысынан көмек сұрады. Оның айтуынша, жобаны жүргізуге қосымша 1 МВт электр қуаты қажет. Асайын Байханов бұл мәселені шешуді облыс әкімінің бірінші орынбасары Серік Батырғожиновқа тапсырды.
- Менің өтінішім бойынша сіздер Қалқаман ауылын таңдадыңыздар. Өйткені, бұл жерде халық саны бар, бірақ жұмыс орны жоқ. Сіздер өндірістеріңізді ашсаңыздар, Қалқаманда бос тұрған бір-екі көпқабатты үйді мемлекеттік қаражаттан жөндеп береміз. Жұмыскерлеріңізге үй береміз десеңіздер, біз соны беруге дайынбыз. Сондықтан мемлекеттің күші мен жеке меншік сектордың күшін біріктіріп, жұмыс істейік, - деді Асайын Байханов.
Өңір басшысы Қалқаманның кезінде ірі кент болғанын, географиялық жағынан да, логистикалық әлеуеті жағынан да болашағы зор ауыл екендігін алға тартты.
Инвесторлардың сөзіне қарағанда, кәсіпорын ашылған жағдайда оған дайын мамандар қажет болмайды, демек жергілікті тұрғындардың жұмыс істеуіне жол ашылады.
Жоба құны 1,5 миллиард теңге, оның 20 процентін «ӘЛЕМ-БТ» ЖШС өзі көтерсе, қалған қаражат несие арқылы алынбақ. 300 жаңа жұмыс орны ашылып, шұлық Оңтүстік Корея технологиясымен шығарылады.
Жұмыс сапары кезінде облыс әкімі Асайын Байханов Ақсудағы қалалық аурухананың екі ғимаратын қосатын галерея құрылысының жобасымен танысты. Сондай-ақ өңір басшысы Спутник ауылының тұрғындары білдірген өтініштерін тыңдап шықты.