Баянауыл жол бойында қонақ үйі бар жанармай құю станциясы ашылды

Баянауыл жол бойында қонақ үйі бар жанармай құю станциясы ашылды
Фото: Амира Жартекей

Нысан көпсалалы функционалды кешен, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Pegas автожанармай құю станциясының ашылуына облыс әкімі Асайын Байханов және аудан тұрғындары қатысты. Нысан жанармай құюмен қоса, сауда-саттық нүкте ретінде және алыс жол жүргелі жатқан жолаушыларға арнайы демалыс орындарымен жабдықталған.

– Ұлттық құрылтайда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Әлеуеті жоғары туризм аймақтарын дамыту» жөнінде айтқан болатын. «Туризм, бизнес – экономиканың негізі» деп атап өткен. Осы салада облыс әкімінің қолдауымен ірі инвестициялық жоба ауданға тартылды, – дейді аудан әкімі Ардақ Кісентаев.

Аудан әкімі жобаны жүзеге асыруға үлес қосқан азаматтарға ризашылығын білдірді.

–  Баянауыл – тарихқа, мәдениетке, табиғатқа бай, көптеген туристерді тартатын ерекше жер. Осы жобаны жүзеге асыруға атсалысқандарға ерекше алғыс айтқым келеді, – дейді кәсіпкер Ардақ Әсетұлы.

Туристік аймақта ауданның жол бойы сервисін дамыту бағытында салынған жанармай бекеті көпсалалы қызмет көрсетуге дайын. Нысанда арнайы қонақ үй, асханасы, шағын маркет орналастырылған. Бекетте 30 адамға жаңа жұмыс орны ашылды.

Еске салайық, ауданда бұрын-соңды болмаған спорт кешені салынды. Кешенде баянауылдықтар спорттың 15 түрі бойынша денелерін шынықтырып, жаттыға алады. Жаңа спорт кешеніндегі төрт жолағы бар 25 метрлік бассейнге балаларға жеті жастан бастап баруға рұқсат беріледі.