Шарбақты ауданы мектебіне жоспардан тыс тексеру жүргізіледі
Шарбақты ауданында салынып жатқан нысандарға мониторинг жүргізілді, деп хабарлайды @Рavlodarnews.kz.
Павлодар облысының мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасы мен ТҮКШЭ басқармасының мамандары бірлесіп, әлеуметтік маңызы бар құрылыс және күрделі жөндеу объектілерін тексерді. Оның ішінде Хмельницкое ауылындағы дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысы мен ЖОББМ күрделі жөндеу, Сынтас және Малиновка ауылдарындағы су құбырларының құрылысы, Галкино ауылындағы дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысы, Жаңаауыл ауылындағы мәдениет үйінің күрделі жөндеу жұмыстары бар.
– Хмельницкое ауылындағы жалпы орта білім беру мектебіндегі күрделі жөндеуді тексеру кезінде құрылыс нормалары мен ережелерін бұзушылықтарды жою бойынша ұсыныстар берілді. Мердігер ұйым Сынтас ауылындағы су құбыры құрылысы объектісінде жобалаудағы кемшіліктер мен қателер туралы мәселені көтерді, – дейді басқармада.
Қазіргі уақытта басқарманың атына жоспардан тыс тексерулерді тіркеу жоспарланып отырған осы ауданның объектілеріне қатысты өтініштер түскен. Бұзушылық фактілері расталған кезде барлық құрылыс субъектілері заңға сәйкес жауапқа тартылады.