Шарбақты ауданында жаңа ветеринарлық пункт бой көтерді

Шарбақты ауданында жаңа ветеринарлық пункт бой көтерді
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Биыл өңірде жаңа үлгідегі ветеринарлық нысандар салу қарқынды жүргізілуде, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Облыстық ветеринария басқармасының басшысы Асылтас Тілеубаевтың айтуынша, нысанның негізгі мақсаты – ветеринарлық қызмет көрсету, жануарлар ауруларының алдын алу, диагностика және ем жүргізу, сондай-ақ ветеринарлық-санитарлық қауіпсіздікті қамтамасыз ету.

Жоба бір қабатты, жалпы ауданы кемінде 50 шаршы метр болатын кірпіш ғимарат ретінде салынуда. Мұнда су, кәріз, электр және жылу жүйелері толық қарастырылған.

27 сәуірде басталған құрылыс жұмыстарын 1 маусымға дейін аяқтау жоспарлануда. 

– Ветеринарлық пункттің құрылымы екі бөліктен тұрады: әкімшілік ғимарат және жануарларды егу мен профилактикалық шаралар жүргізуге арналған арнайы қоршау алаңы. Жануарлар арнайы бөлу қақпасы арқылы өткізіліп, жинау орнына шоғырланады. Жоба типтік негізде жасалған, – деді басқарма басшысы. 

Мұндай нысандар ауыл тұрғындарына да қолжетімді болады. Олар мал сату кезінде немесе санитарлық сою жұмыстарын жүргізу барысында пайдалана алады.

Облыс бойынша биыл барлығы 37 ветеринарлық пункт, 3 ветеринарлық станция және 48 биотермиялық шұңқыр салу жоспарланған. Бұл жұмыстар өңірдің барлық аудандарын қамтиды.

Биотермиялық шұңқырлардың тереңдігі шамамен 10 метр болады. Құрылысы толықтай монолитті бетоннан жасалып, қабырғалары арматурамен күшейтіледі, қалыңдығы 300 миллиметрге дейін жетеді.

Аймақ басшысы Асайын Байханов бұл бағыттағы жұмыстардың маңыздылығын атап өтіп, мұндай жобалар Кеңес Одағы тарағаннан бері жүйелі түрде қолға алынбағанын айтты.

– Мал басы көбейген сайын ветеринарлық қауіпсіздік те өзекті бола түседі. Мал ауырады, сондықтан оларды қауіпсіз утилизациялау – биологиялық қауіпсіздік пен халық денсаулығы үшін маңызды, – деді облыс әкімі.

Оның айтуынша, қазіргі таңда биологиялық қауіпсіздік мәселесі бүкіл әлемде өзекті. Сол себепті мұндай инфрақұрылымдық жобалар ауылдық жерлерде кезең-кезеңімен жүзеге асырылып жатыр. Келесі жылы да бұл жұмыстар жалғасын табады.