Шарын шатқалына 1,5 миллиард теңгелік шыны көпір салынады
Алматы облысының әкімдігі Шарын каньоны үстіне 1,5 миллиард теңгеге шыны көпір салуды жоспарлап отырғанын айтты. Облыс басшылығы нысанды 2026 жылдың соңына дейін пайдалануға беретінін мәлімдеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Алматы облысы әкімдігінің мәліметінше, Кеген ауданындағы Шарын каньоны үстінен аспалы көпір салу жоспарланып отыр.
“Құны 1,5 миллиард теңге болатын жобаны "ASK Capital" ЖШС жүзеге асырып жатыр. Бұл өңірдегі туризм инфрақұрылымын дамытудың жаңа перспективаларына жол ашады. Нысанның пайдалануға берілуі 2026 жылдың төртінші тоқсанына жоспарланып отыр. Содан кейін көпір жұрт үшін ашық болады", – делінген хабарламада.
Әкімдік бұл нысан туристік нысанға айналып қана қоймай, жергілікті тұрғындарды жұмыспен қамтуға, Шарын шатқалына туристерді тартуға септігін тигізеді деп есептейді.
"Болашақ құрылыс алаңына электр желісін қосуға және абаттандыруға 87 миллион теңге бөлінді. Құрылыс кезеңінде жергілікті тұрғындар үшін 120 уақытша жұмыс орны ашылады. Ал жұмыс аяқталғаннан кейін жыл сайын 65 мыңға жуық турист келеді деп жоспарланып отыр", – делінген хабарламада.