Шавкат Рахмонов пен Джефф Нил жекпе-жегі салмақ айырмашылығына қарамастан өтеді
Ертең Лас-Вегаста өтетін UFC 285 турнирінің алдында октагонға шығатын қазақстандық Шавкат Рахмонов пен оның қарсыласы америкалық Джефф Нилдің соңғы салмақ өлшеу рәсімі өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі Sports.kz сайтына сілтеме жасап.
Мәлім болғандай, Ш. Рахмоновтың қарсыласының салмағы шекті межеден асып кетті. Атап айтқанда, таразыға тұрған отандасымыздың салмағы 77,56 келі, ал америкалықтың салмағы 79,37 келі болды.
Бұл ретте UFC Джефф Нилдің салмағы межеден асып түскеніне қарамастан жекпе-жек өтетінін ресми мәлімдеді, себебі Шавкат Рахмонов бас тартпаған. Алайда, америкалық спортшы гонарарының 30 пайызын Шавкат Рахмоновқа береді.
Еске салайық, кеше Шавкат Рахмонов баспасөз конференциясын өткізіп, негізгі жекпе-жегі алдында қарсыласымен көз түйістірді.
UFC рейтингісінің 9-орнында тұрған Шавкат Рахмонов мінсіз рекорд иегері. Ол 16 рет жеңіске жетіп, мүлдем жеңілмеген, оған қоса барлық жекпе-жегі мерзімінен бұрын аяқталған. «Номад» UFC-де 4 айқас өткізді. Джефф Нилге келер болсақ, оның қоржынында 15 жеңіс пен 4 жеңіліс бар. Ол дивизион рангі туралы кестеде 7-орында тұр.
Отандасымыз бен америкалық арасындағы тартысты жекпе-жек 5 наурыз күні Астана уақыты бойынша шамамен 9:40-та басталады.