Шарбақтыда өткен аймақтық ақындар айтысының жеңімпазы анықталды
Шарбақты ауданында Ғабдул-Уахит хазіреттің 170 жылдығына арналған аймақтық айтыс өтті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Айтыс Шарбақты аудандық әкімдігінің қолдауымен, «Айтыс ақындары мен жыршы-термешілер халықаралық одағы» ҚБ Павлодар облыстық филиалының ұйымдастыруымен өткізілді.
Аймақтық жыр додасында 10 ақын сынға түсті. Айтысты аудан әкімі Әзілхан Әбеуов құттықтау сөзімен ашып, хазіреттің мерейтойын атап өті 2 күнге жалғасатынын атап өтті.
Ақындар екі айналымда сөз сайыстырып, ақтық мәреге 4 ақын жолдама алды. Қазақстан жазушылар одағының мүшесі, жазушы Амантай Тойшыбайұлы төрағалық еткен қазылар алқасының шешімімен Бас жүлдені қарағандылық Мақсат Аханов иеленіп, 1 млн теңгені жеңіп алды.
1-орынды Алтын домбыра иегері Еркебұлан Қайназар еншілесе, 2-орынды Рауан Қайдар, 3-орынды Бейбіт Бөжен иеленді.
Сондай-ақ «Jebe» қоғамдық бірлестігі Шарбақты ауданының ақыны Қайролла Хафизге 200 мың теңгелік арнайы жүлдесін табыстады.
- «Өлі риза болмай, тірі байымайды» дейді. Атамызға арналған осы айтыс керемет өтті. Өзге өңірлерден, әр ауылдан келген ақындарға алғысымыз шексіз. Шарбақты елі өркендеп, әрқашан той тойлай берсін! - деді аудан әкімі Әзілхан Әбеуов.
Айтысқа қатысқан және жүлдегер ақындардың барлығына ақшалай сыйлық табысталды.
Айта кетейік, Ғабдыл-Уахит хазірет 1853–1926 жылдары өмір сүрген белгілі діни қайраткер. Хазірет қазіргі Павлодар облысы Шарбақты ауданындағы ауылдардың бірінде дүниеге келген. Хазіреттің кесенесі Шарбақты ауданы, Арбиген ауылынан 15 шақырым, Павлодар қаласынан 150 шақырым қашықтықта орналасқан.