Шопан болдым: Павлодарлық 3-ЖЭО-ның жұмысшы әйелдері қандай жетістікке жетті?

Шопан болдым: Павлодарлық 3-ЖЭО-ның жұмысшы әйелдері қандай жетістікке жетті?
Фото: «ПАВЛОДАРЭНЕРГО» АҚ баспасөз қызметі

@Pavlodarnews.kz тілшісі энергетика саласында тер төгіп, өмірін қатерге тігіп жатқан нәзік жанды қызметкерлерімен сұхбаттасты.

62 жастағы Зумара Кулькимбаева №11 жылу автоматикасы және өлшеу цехында бақылау-өлшеу аспаптары және автоматика жөніндегі слесарь болып жұмыс істейді. Бұл цехта 20 жыл еңбек етіп келеді. Биыл шілде айында оның соңғы ауысымы болмақ. Десе де Зумараны оның әріптестері зейнет демалысына жібергісі келмей, қимай отыр. 

– Жұмысым маған ұнайды. Мен басында манометрлерді жөндедім, кейін датчиктерге көштім. Бүкіл станция бойынша әртүрлі турбина мен қазандықтарда аталмыш құрылғылар орнатылады. Олар қысым мен разряд деңгейін өлшейді. Бір турбинада шамамен 60-70 манометр мен 100-ге жуық датчик бар. Күніне 30-40 монометрді ретке келтіре аламыз, – деді Зумара Кулькимбаева.


Бұл мамандыққа Зумара бірден келген жоқ. Әйел училище бітіргеннен кейін химия зауытында 20 жыл жұмыс істеді. Ал қайта құру кезінде екі жыл базарда сатушы болды. Содан кейін Зумараны 3-ЖЭО-ға шақырды.

Жалпы еңбек кітапшамда алғашқы жұмысым шопан деп жазылды. Мектеп бітіре сала, шопан болып жүрдім. Ат пен қойларды бағу ұнаған. Трактор курстарын да аяқтап, бір жыл тракторшы болып жұмыс істедім, – деді Зумара Кулькимбаева.


Бүгінде Зумара жұмыс істейтін бригадада жастарға толы. Олар тәжірибесі мол маманнан жұмыстың қыр-сырын сұрап, біліп отырады. 

– Менің орныма келетін жастар көп. Құрметті демалысқа шығып, өз шаруаларыммен айналысқым келеді. Бес немерем бар. Жазда жұмыстан кейін саяжайға соғып, жермен алысып отырамын. Қазір домбыра үйірмесіне жазылып, аспапты үйреніп келемін. Ән айтып, би билеуді жақсы көремін, – деді ол. 

Ал 35 жастағы электр жабдығының орамаларын және оқшаулауын жөндеу жөніндегі электромонтері Александра Казачкова энергетика саласында 2010 жылдан бері қызмет етіп жүр. 

– Колледжді тәмамдаған соң бұл мамандық мені қызықтырды, осылайша энергетикаға келдім. Бізде электр цехында 2 бригада бар – төмен және жоғары вольтты бригада. Мен жоғары вольтты бригадада жұмыс істеймін. Яғни, біз 1000 Вольттан жоғары қозғалтқыштарды жөндейміз, – деді Александра Казачкова.


Бригадада алты адам, оның ішінде екі әйел жұмыс істейді. Ер адамдар қозғалтқышты бөлшектеумен айналысады. Олар қалқандарды алып тастайды, роторды шығарады. 

– Біздің міндетіміз – сызбаны бөлшектеп, бөлімдерді тазалап, қалпына келтіру. Олар сынақтан өткен соң жөндеудегі қозғалтқышқа салынады. Содан кейін оқшаулау, байлау, яғни қозғалтқышты қалпына келтіру жұмыстары орындалады, – деді ол. – Әрине, жұмысым қиын. Қолдар шаршап қалады, күш салуға тура келеді. 


Александраның айтуынша, бір қозғалтқышты жөндеуге бір ай уақыт кетуі мүмкін. Мысалы, қазандыққа берер алдында көмірді ұсақтау үшін қолданылатын диірменде 60 бөлім болады. Оның әр бөлшегін тазалап, қалпына келтіру оңайға соқпайды. Десе де Александра қиын жұмыстан қорықпайды. Үйде барлық жұмысты кейінге қалдырып, әйел, ана ретінде екінші жұмысқа көшеді.