Странджа-2025: Павлодарлық боксшы күміс алды

Серік Теміржанов финалдық жекпе-жекте 60 келі санатта өнер көрсетті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының мәліметінше, Болгария астанасында бокстан халықаралық «Странджа кубогында» жартылай финалда жұдырықтасқан 18 боксшының 14-і финалға шықты. Олардың ішінде Серік Теміржанов та болды. Спортшы шаршы алаңның иесі Радослав Росеновке есесін жіберіп, күміс медальді жеңіп алды.
Еске сала кетейік, Серік Теміржанов Жапонияның Токио қаласында өткен 2020 жылғы жазғы Олимпиада ойындарында ерлер арасында жеңіл салмақтағы жарыстарға қатысты. 2021 жылғы Белградта болған әлем чемпионатына қатысып, күміс жүлдегері, Thailand Open халықаралық турнирінің чемпионы атанды. Былтыр Қазақстан чемпионатының күміс жүлдегері атанды.