Study in Kazakhstan: ауқымды білім беру көрмесі өз мәресіне жетті

Study in Kazakhstan: ауқымды білім беру көрмесі өз мәресіне жетті
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Елу мыңға жуық оқушы болашақ мамандығымен танысты, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі баспасөз орталығының мәліметінше, ауқымды жоба талапкерлерге жоғары білім алу мүмкіндіктерін кеңінен таныстыруға бағытталып, қысқа мерзім ішінде елдің барлық өңірлерін қамтыды.

Көрме 2026 жылғы 7-25 сәуір аралығында өткізіліп, 14 елді мекенді қамтыды. Атап айтқанда, іс-шаралар Астана, Павлодар, Семей, Өскемен, Алматы, Қаскелең, Тараз, Шымкент, Түркістан, Қызылорда, Ақтөбе, Атырау, Ақтау және Жаңаөзен қалаларында ұйымдастырылып, алты мың шақырымнан асатын аумақты қамтыды.

Өткен жылмен салыстырғанда жобаның ауқымы едәуір кеңейді. 2025 жылы көрме жеті өңірде өткізіліп, кейін батыс аймақтарды қамтыған болатын. Сол кезеңде іс-шараға негізінен 20-дан астам шетелдік жоғары оқу орындарының филиалдары ғана қатысқан.

Биыл көрмеге Қазақстанның жетекші жоғары оқу орындары мен елде ашылған шетелдік университеттердің филиалдары қатысып, жалпы саны 60-тан астам білім беру ұйымы өз бағдарламаларын ұсынды. Қатысушылар қатарында әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті, Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті, Сәтбаев университеті, Қазақстан-Британ техникалық университеті, SDU University және басқа да оқу орындары бар.

Көрме барысында 46 мыңнан астам оқушы қамтылып, ата-аналар мен педагогтер жоғары білім беру жүйесі туралы жан-жақты ақпарат алды. Қатысушылар білім беру бағдарламалары, мемлекеттік гранттар, қабылдау талаптары мен оқу ерекшеліктері жөнінде мәлімет алып, университет өкілдерімен тікелей байланыс орнатты.

Іс-шара аясында ата-аналарға арналған семинарлар мен форумдар ұйымдастырылып, кәсіби бағдар беру, мамандық таңдау және білім беру мүмкіндіктері талқыланды. Сонымен қатар сарапшылар талапкерлерге ҰБТ-ға дайындық, оқу траекториясын жоспарлау бойынша тәжірибелік кеңестер берді.

Жобаның өңірлердегі кездесулеріне ҚР Ғылым және жоғары білім министрінің кеңесшісі Руслан Емелбаев қатысып, талапкерлермен және ата-аналармен жүздесті. Кездесулер барысында жоғары білім беру жүйесіндегі жаңашылдықтар мен қабылдау науқанының ерекшеліктері түсіндірілді.

Study in Kazakhstan көрмесі талапкерлер үшін отандық және халықаралық білім беру мүмкіндіктерін бір алаңда ұсынатын тиімді жоба ретінде маңызын тағы да дәлелдеді.