Су тисе, құлағы ауырады: Павлодар облысында қояндар саны 35 мыңнан асады

Өңірде қояндар саны артып келеді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Павлодар облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясы жануарлар дүниесі және аңшылық бөлімінің бас маманы Зейнегүл Арынова қояндар өңірдің барлық аймақтарында мекендейтінін атап өтті.
– Өңірде қояндардың ең тараған түрі – ақ және сұр қоян. Жұмсақ жүнді аңдардың есебіне сәйкес қазірде қояндардың саны шамамен 35 мыңнан асады. Олардың саны бойынша статистика соңғы бес жылда әртүрлі болып келеді, дегенмен жыл өткен сайын санының өсуі байқалады.
Қояндар жылына бес-жеті ретке дейін көжектейді. Бір көжектеген кезде 8-20 көжекке дейін тууы мүмкін. Мекендейтін ортасы жайлы, азығы жеткілікті, ауа райы қолайлы болған жағдайда олардың саны қарқынды өседі. Орта есеппен сегіз-тоғыз жылға дейін өмір сүре алады.
Бұдан бөлек, екі аяғының ұзындығы әртүрлі болып келеді. Сол себепті жүгірген кезде маймақ сияқты болып көрінеді. Алдыңғы екі аяғының қысқалығынан өрге қарай жақсы жүгіреді. 70 км/сағ жылдамдықпен жүгіре алады.
Судан, жаңбырдан қатты қорқатын аңдар жаңбыр жауған кезде құлақтарын жауып алады екен, өйткені, құлақтарына су кірсе, ауырып қалуы мүмкін.
Ақылды және тез ойланатын қояндардың иіс сезу және есту қабілеті жақсы дамыған.
Айта кетейік, 2025 жылдың 1 қарашасынан 2026 жылдың 15 ақпан аралығында белгіленген заңнама шеңберінде өңірде қояндардың жалпы санынан 45 пайызы мөлшерінде атуға, аулауға рұқсат беріледі.