Судағы қауіпсіздік: Павлодарлық ата-аналарға балалардың қауіпсіздігі ескертілді

Судағы қауіпсіздік: Павлодарлық ата-аналарға балалардың қауіпсіздігі ескертілді
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Балаларға ерте жастан суда өзін ұстау ережелерін үйреткен абзал, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Жаз мезгілінде ауа райының ыстығына байланысты тұрғындардың өзен-көлдерде демалуы жиілейді. Осыған байланысты Павлодар облысының полиция департаменті ата-аналарға балалардың судағы қауіпсіздігіне ерекше назар аудару қажеттігін ескертті.

Ведомствоның мәліметінше, судағы жазатайым оқиғалардың басым бөлігі балалардың ересектердің қарауынсыз қалуынан болады. Сондықтан баланы су айдындарының маңында бір сәтке де жалғыз қалдырмау қажет.

Полицейлердің айтуынша, балаларға ерте жастан суда өзін ұстау ережелерін үйретіп, шомылуға тек рұқсат етілген орындарды таңдаған жөн. Сондай-ақ таяз суда сүңгу немесе белгісіз жерден секіру ауыр зардаптарға әкелуі мүмкін.

Мамандар үрлемелі жеңдер мен жүзу шеңберлері баланың қауіпсіздігіне толық кепілдік бермейтінін еске салады. Сондықтан балалар суға түскен кезде ата-аналардың тұрақты бақылауында болуы тиіс. Бұдан бөлек, суда болу уақытын су мен ауа температурасына қарай шектеген дұрыс.

– Балалардың судағы қауіпсіздігі ең алдымен ата-аналардың жауапкершілігіне байланысты. Қарапайым сақтық шараларын сақтау ғана қайғылы жағдайлардың алдын алуға мүмкіндік береді, – деп атап өтті ведомствода.

Павлодар облысының полиция департаменті тұрғындарды қауіпсіздік талаптарын қатаң сақтауға шақырды.

Еске сала кетейік, шомылу маусымы басталғаннан бері Павлодар облысында алты адам суға кетті. Оның біреуі жасөспірім.