Сумен қамту: Павлодардың шағын аудандарында он жоба әзірленуде
Қалалықтардың сумен жабдықтау қызметтеріне қолжетімділігі 98 пайызға жеткізілмек, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
– Павлодар қаласында халықты жүз пайыз орталықтандырылған сумен қамтамасыз ету үшін қаланың шағын аудандарында 10 жобаның жобалық-сметалық құжаттамасын әзірлеу бойынша жұмыстар жүргізілуде. Атап айтқанда, Лесозавод, Горторг, Екінші Павлодар, МДС және саяжай шағын аудандары, – деді Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасы басшысының м.а. Күлбаршын Арынова.
Оның айтуынша, қазіргі уақытта қалалықтарды сумен жабдықтауға қолжетімділік 97 пайызды құрайды.
2024 жылы облыс қалаларында 5,3 миллиард теңге сомасына алты жобаны іске асыру жүргізілуде. Жобаларды іске асыру қорытындысы бойынша қала тұрғындарының сумен жабдықтау қызметтеріне қолжетімділігін 98 пайызға дейін ұлғайту жоспарланған.
Басқарма басшысының м.а. Екібастұз қаласында 2023 жылдың қорытындысы бойынша магистральдардан жеке тұрғын үй құрылысына су құбыры желілерін салу жөніндегі жобаны аяқтау есебінен сумен жабдықтауға қолжетімділік 100 пайызды құрағанын атап өтті.
Одан бөлек, ағымдағы жылы Ақсу қаласының шағын аудандарын сумен жабдықтау желілерін қайта жаңарту жөніндегі жобаны іске асыру жүргізілуде. Бұл жоба сумен жабдықтау қызметтеріне 100 пайыз қол жеткізуге мүмкіндік береді.