Тұрғындар өтініші орындалды: Павлодарда балалар үшін қауіпсіз жол салынуда

200 метрлік жаңа тротуардың құрылысы апта соңына дейін толығымен аяқталады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Қала әкімі Хасар Хабылбеков Instagram парақшасында Бекхожин көшесіндегі №5, 5/1 және 7 үйлердің ауласында салынып жатқан жаяу жүргіншілер жолының жұмысын тексергенін мәлімдеді.
– Тұрғындар мектепке ыңғайлы әрі қауіпсіз жол салуды сұраған болатын. Қазіргі таңда жұмыс басталып кетті, апта соңына дейін толық аяқталады. Біз үшін мектептердің айналасында қауіпсіз инфрақұрылымның болуы аса маңызды, – деп атап өтті Хасар Хабылбеков.
Жаңа жаяу жүргіншілер жолының ұзындығы шамамен 200 метрді құрайды. Бұл учаскеде қазіргі уақытта дайындық жұмыстары жүргізіліп жатыр. Құрылыс жұмыстары аяқталған соң, балалардың қауіпсіздігі үшін жолға машиналардың кіруіне жол бермейтін шектеулер қойылып, арнайы жол белгілері орнатылады.
Әкім қаладағы барлық білім беру нысандарына баратын жолдарды қайта тексеруді тапсырды. Егер қандай да бір мектепке баратын жолда жаяу жүргіншілер жолы болмаса, ол 2026 жылға арналған жұмыс жоспарына енгізіледі. Бұл мәселені бақылауға алуды қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөліміне жүктеді.
Посмотреть эту публикацию в Instagram