«Таза Қазақстан»: Ақсуда абаттандыру және тазалық айлығы жалғасып жатыр
Кезекті сенбілік кезінде 100 тоннаға жуық қоқыс шығарылды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Ақсу қаласы мен оған қарасты ауылдық аймақта «Таза Қазақстан» жалпыұлттық экологиялық бастамасы аясында кезекті жалпықалалық сенбілік өтті.
Іс-шараға Ақсу қаласы мен Ақсу өңіріндегі меншік нысаны әртүрлі кәсіпорындар, мекемелер мен ұйымдардың 60-тан астам ұжымы қатысты. Жалпы саны 2500-ге жуық адам жұмылдырылып, 29 бірлік техника пайдаланылды. Елді мекендерден тыс аумақтарға шамамен 100 тонна түрлі қоқыс пен тұрмыстық қалдық шығарылды.
Мемлекеттік мекемелердің ұжымдары өздеріне бекітілген аумақтарды санитарлық тазарту, тұрмыстық және басқа да қалдықтарды жинау мен шығару жұмыстарын жүргізді. Сондай-ақ жол бойындағы аумақтар, түрлі меншік нысанындағы ұйымдар мен мекемелердің ғимараттарына іргелес жерлер және аулалар тазартылып, санитарлық талаптарға сай ретке келтірілді.
– Күзгі тазалық жұмыстары барлық ауылдық елді мекенде өтті. Қала тұрғындары ағаш көшеттерін отырғызды. Әуезов көшесінің бойына шырша мен кәдімгі қарағай көшеттері егілсе, Бауыржан Момышұлы көшесіне 20 түп сирень бұтасы отырғызылды, – делінген әкімдік берген ақпаратта.
Іс-шараға Жаяу Мұса атындағы Ақсу жоғары көпсалалы колледжінің студенттері де белсенді қатысты.
Металлургтер қаласында абаттандыру және санитарлық тазарту айлығы әлі де жалғасып жатыр.