Таза қала: «109» қызметі Павлодардың коммуналдық қызметкерлеріне арнап ән жазды
Pavlodarnews.kz тілшісі ән авторларының бірімен сұхбаттасты. Оның айтуынша, әнді жазу барысында жасанды интеллект қолданылған.
Облыстық «109» бірыңғай байланыс орталығының негізін қалаушы Абзал Қабдраштың мәлімдеуінше, бұл ән – аязды күндері еңбек ететін коммуналдық қызметкерлердің қала өміріне қосқан баға жетпес үлесіне деген құрмет белгісі.
– Күн сайын қалада аязға қарамастан коммуналдық қызметкерлердің жұмыс істеп жүргенін байқаймыз. Олардың еңбегін халық ескеретіндей не істей аламыз деген ой келді. Осылайша, әріптестерімізбен бірге ән жазуға шешім қабылдадық, – деді спикер.
Абзал Қабдраштың айтуынша, дамыған технологиялар заманында әнді жасау барысында жасанды интеллект қолданылған.
– Арнайы қосымшаны жүктеп, коммуналдық қызметкерлерге арналған әнге тапсырыс бердік. Жасанды интеллект ұсынған көптеген нұсқалардың ішінен халыққа ұнайды деген сеніммен біреуін таңдап алдық. Алайда жасанды интеллект адамның сезімін толық түсіне алмайтындықтан, әннің сөзін өзіміз өңдеп, жетілдіріп, қажет жерлерін түзетіп, мәтінді қайта жаздық деуге болады, – деп атап өтті сұхбаттас.
Ән авторлары барша коммуналдық қызметкерлерге қар мен боранға қарамастан қаламызды жайлы әрі қауіпсіз еткені үшін алғыстарын білдірді.
Посмотреть эту публикацию в Instagram