«Таза Қазақстан»: Екібастұзда ауқымды сенбілік айлығы басталады

«Таза Қазақстан»: Екібастұзда ауқымды сенбілік айлығы басталады
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Ол шамамен бір айға жуық өтеді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Екібастұз өңірінің санитарлық жағдайын жақсарту және аумақты абаттандыру мақсатында, сондай-ақ «Таза Қазақстан» экологиялық акциясын қолдау аясында осы аптадан бастап абаттандыру және санитарлық тазалау бойынша айлық өткізу жоспарлануда.

–  Қазіргі таңда ТКШ бөлімі Екібастұз қаласы мен ауылдық аймақтарды қамтитын іс-шаралар жоспарын әзірлеп, бекітті. Айлық аясында аумақтарды тиісті санитарлық жағдайға келтіру және абаттандыру деңгейін арттыруға бағытталған кешенді жұмыстар жүргізу көзделген, - делінген қалалық әкімдік берген хабарламада.

Айлық аясында мемлекеттік мекемелерді, кәсіпорындарды, ұйымдарды және тұрғындарды тарта отырып, қалалық және ауылдық сенбіліктер ұйымдастыру,көшелерді, аулаларды, саябақтарды, скверлер мен қоғамдық орындарды санитарлық тазалау жұмыстарын жүргізу, рұқсат етілмеген қоқыс үйінділерін анықтау және жою, іргелес аумақтарды абаттандыру және ретке келтіру, көгалдандыру жұмыстарын жүргізу және жасыл желектер отырғызу, ғимараттардың, қоршаулардың және шағын сәулеттік нысандардың сыртқы келбетін ретке келтіру көзделуде.

Жұмыстардың жүйелілігін қамтамасыз ету мақсатында аумақтар мемлекеттік органдарға, ұйымдар мен кәсіпорындарға бекітілген. Осындай жұмыстар жергілікті ерекшеліктерді ескере отырып, ауылдық округтер деңгейінде де ұйымдастырылмақ.

–  Коммуналдық қызметтер күшейтілген дайындық режиміне көшірілді, жауапты орындаушылар белгіленді, техникамен, құрал-жабдықтармен қамтамасыз ету және қатты тұрмыстық қалдықтарды шығару мәселелері пысықталды. Айлық кезеңінде қалалық полигон қалдықтарды тегін қабылдайды, ал қалдықтарды шығару үшін мердігер ұйымдар мен кәсіпорындардың 100-ден астам техникасы жұмылдырылмақ, - дейді ұйымдастырушылар.

Сондай-ақ, шағын және орта бизнес субъектілеріне іргелес аумақтарды тиісті жағдайға келтіру туралы хабарламалар тарату жұмыстары ұйымдастырылады.

Айта кетелік, айлықтың ресми басталуы ағымдағы жылдың 11 сәуірі мен 8 мамыры аралығына жоспарланған.