Қарттар күні: Павлодар облысының зейнеткерлері қандай мөлшерде көмек алады?

Қарттар күні: Павлодар облысының зейнеткерлері қандай мөлшерде көмек алады?

Өңірде жалпы 110 мыңнан астам зейнеткер тұрады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.

Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары Әлия Рахимова мәлім етті. 

– Халықаралық қарттар күні және Қазақстан Республикасы күніне орай облыстық бюджет есебінен зейнеткерлерге бес айлық есептік көрсеткіш мөлшеріндегі біржолғы әлеуметтік көмек қарастырылады. Яғни ең төмен және одан аз зейнетақы алатын зейнеткерлерге екі айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде,  ал 80 жасқа жеткен және асқан зейнеткерлерге үш айылық есептік көрсеткіш мөлшерінде төлем аударылады. Бұл көмекпен ең төмен және одан аз зейнетақы алатын 17 мыңнан астам зейнеткер қамтылады, – деді Әлия Рахимова.

Оның сөзінше, төлемдер 25 қазанға дейін зейнеткерлерге аударылады. Әлеуметтік көмекті алатын зейнеткерлердің тізімін «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» КЕАҚ құрып, содан кейін жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасына жібереді. 

– Зейнеткер басқа жерге көшіп, құжаттарын ауыстырмаған жағдайда әлеуметтік көмекті  алуда кейбір қиындықтар шығуы мүмкін. Ол үшін зейнеткер «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» КЕАҚ жүгініп, оның зейнеткерлік ісін тұрғылықты мекенжайына ауыстыру үшін өтініш жазу керек, – деп түсіндірді  Әлия Рахимова.

Спикердің айтуынша, осындай бюджет қаражатынан ұсынылатын әлеуметтік көмек Астана қаласында, Түркістан облысында және тағы басқа қала мен облыстарда қарастырылып жатыр.