Tech Orda түлегі: жаңа білімнің арқасында маған шетелден тапсырыстар түсе бастады

Tech Orda түлегі: жаңа білімнің арқасында маған шетелден тапсырыстар түсе бастады

Биыл аталмыш бағдарлама бойынша оқытатын курстар саны артты, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Tech Orda – Қазақстанның жекеменшік мектептерінде IT мамандарын даярлауға бағытталған Қазақстан Республикасы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі мен Astana Hub халықаралық технопаркінің біріккен қаржыландыру бағдарламасы. Оған 18 бен 45 жас аралығындағы қазақстандықтар қатыса алады.

- Мен бұл курста UX/UI дизайн саласында машықтандым, - дейді Tech Orda бағдарламасының түлегі Азамат Амантай. – Курсқа дейін скилдерім графикалық бағдарламалармен ғана шектелетін. Алайда оқу кезінде веб және графикалық дизайнға қажет Figma бағдарламасын игеріп алдым. Енді баспа өнімнің дизайнын ғана емес, әлеуметтік желілердегі парақшалар, веб-парақшалар мен мобильдік қосымшалар дизайнын әзірлеуді қолға алдым.  

Азамат айтып өткендей, графикалық дизайн – оның бала кезіндегі қызығушылықтарының бірі. 

- Кішкентай кезімнен шығармашылыққа құмар болдым: сурет салдым, қолөнермен айналыстым, кейін дизайнға келдім, - дейді Азамат Амантай. – Университетке түскеннен кейін қаламызда ІТ-мектеп ашылғанын естідім. Ойланбастан 3D-модельдеу курсына жазылдым. Tech Orda бағдарламасы туралы Astana Hub-тан БАҚ және ғаламтордағы хабарландырулар арқылы білдім. Бұрын модельдеумен айналыссам, енді  html & css, SMM, UI/UX дизайны және басқа да күрделі бағыттарда жұмыс істеуді үйрендім. 

Оқыту қазақ және орыс тілдерінде өтеді және веб-бағдарлама әзірлеу, 3D-дизайн, бағдарламалық қамтамасыз ету, мобильді қосымшалар жасауды қоса алғанда, Big Data және Blockchain салалары секілді басым бағыттарды қамтиды. Курс ұзақтығы – алты айдан екі жылға дейін.

- Жаңа білімнің арқасында маған шетелден тапсырыстар түсе бастады. Өзім ұстаз болсам да, Tech Orda менің білімге деген құштарлығымды оятты. Оның үстіне, оқу тегін.  Сабақтар түсінікті. Дәріс оқыған ұстаздар – осы саланың білікті мамандары. Негізі, керемет идея, - деп ой бөлісті Азамат.

Мүмкіндікті пайдаланып, Tech Orda аясында білімін жетілдірген жандардың бірі – Айман Шаклеина. Павлодарлық бағдарламашы облыс орталығында орналасқан IT-мектепте оқыды.

- Ресейдің Омбы облысында дүниеге келдім, 2002 жылы Қазақстанға көштім. Екібастұз қаласындағы мектепті бітіргеннен соң, ПМУ-ға журналист мамандығы бойынша оқуға түстім. Дегенмен, компьютер ойындарына, жалпы IT-саласына қызығушылығым осы мамандыққа жетелеп әкелді, - дейді жас маман.

Айман Ақсу қаласындағы ферроқорытпа зауытында бағдарламашы болып жұмыс істеген. Отбасы құрғаннан кейін фрилансерлікке ауысты. Қазір веб-сайттар жасаумен айналысады.

- Tech Orda бағдарламасы туралы Instagram желісінен білдім. Соның арқасында Tilda Publishing бағдарламасын игеріп, сайт құрастыруды қолға алдым. Оқу жарты жылға созылды, өте ыңғайлы, негізгі жұмысыммен ұштастырдым. Алған білімім үлкен көмек болды. Figma-да постерлер, пошталық хабарландырулар, сайттар, баннерлер мен презентацияларды оп-оңай істей алатын деңгейге жеттім. Оқу әдісі ұнады. Бұл елімізде IT саласын дамытуға бірден-бір үлес қосатын бағдарлама, - дейді Айман Шаклеина.

Айман Шаклеинаның айтуынша, сала Қазақстанда қарқынды дамып келеді. Дегенмен, аталған секторда кадр тапшылығы сезіледі. Бәсекеге қабілетті болу үшін үнемі білім жетілдіріп отыру керек, деп есептейді ол.

Tech Orda бағдарламасына биыл Павлодардан үш жеке меншік IT-мектеп іріктелген, онда 153 студент білім алып жатыр.  «IT-SCHOOL ПАВЛОДАР» мектебінен бөлек, курстар OMIS INC. және ONESOFT орталықтарында жүргізіледі.  Былтыр аталмыш білім беру мекемелері студенттерге WEB-бағдарламалау, BA (Бизнес Аналитик), QA (Тестілеуші), FrontEnd Developer, Python Developer, Цифрлық-офицер, сайтты нөлден бастап құрастыру және UX/UI дизайн бағыттары бойынша білім берді. 2022 жылы 19 павлодарлық Астана, Алматы, Атырау және Ақтау қалаларында онлайн тәлім алды.

Енді бұл тізім едәуір толықты. Жоғарыда аталған курстарға blender бойынша 3D модельдеу, Backend құрастыру, react бойынша Frontend құрастыру, веб-құрастырудың негіздері: html, css, javascript, python бойынша бағдарламалау, android жүйесіне қосымшалар әзірлеу, Бизнес аналитик, Data science, Курс QA (Тестілеуші), бастауыш 3D модельдеу және текстуралау, Unity start – бастауыш ойындар құрастыру, UX/UI дизайн, Web backend құрастыру, Web frontend құрастыру, unity бойынша AR&VR құрастыру дәрістері қосылды. 

Биыл еліміздің 83 жетекші жеке ІТ-мектебі Tech Orda бағдарламасы аясында білім алушыларға 219 курс ұсынып отыр. Әрбір студентке 600 000 теңгеге дейін грант беріледі.

Tech Orda 2021 жылдан бері Astana Hub базасында жұмыс істейді. 2021 жылы пилоттық жоба Қазақстан бойынша 100 студентті қамтыды. 2022 жылы Tech Orda аясы кеңейтіліп, үш мыңнан астам қазақстандық азамат тегін оқуға ваучер алды. Биыл да осы көлемде грант бөлінді.

Фото: спикерлердің жеке архивінен

Серіктестік материал