Тереңкөл ауданында медициналық пункт жаңа ғимаратқа көшті
Бұл диагностикалау мен емдеу мүмкіндіктерін кеңейтуге жол ашты, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Өңірлік денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, жаңа медициналық пункттің ашылуы ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту бағдарламасы аясында жүзеге асты. Жалпы облыс бойынша 30 медициналық мекемені жаңарту жоспарланған. Былтыр 24 нысан іске қосылса, биыл тағы алтауы пайдалануға берілді. Солардың бірі Ивановка ауылында.
Мұнда медициналық пункт бұрын екі пәтерлі тұрғын үйдің бейімделген жартысында орналасса, енді жеке тұрған ғимаратқа көшті. Бұл медицина қызметкерлері мен тұрғындар үшін өте ыңғайлы. Ғимараттың жалпы аумағы 196,4 шаршы метрді құрайды.
Жаңа ғимаратта процедуралық кабинет бар. Ол заманауи медициналық құрал-жабдықтармен қамтылған: өкпенің жұмысын тексеруге арналған спирометр, жүрек қызметін бақылауға арналған кардиограф, тыныс жолдары мен құлақ ауруларын емдеуге арналған кварц шамы орнатылған. Қажет болған жағдайда магнит өрісімен емдеу және небулайзер аппараты арқылы ингаляциялық ем жүргізіледі. Енді тұрғындарға басқа елді мекендерге барудың қажеті жоқ.
Ивановка ауылында бір медициналық медбике жұмыс істейді. Оның учаскесінде 500-ден астам тұрғын бар, оның 114-і – 14 жасқа дейінгі балалар. Ал дәрігер Алтай ауылының амбулаториясынан аптасына бір рет келіп, қабылдау жүргізеді.