Тереңкөл жастары жағажай волейболынан бақ сынады
Турнир барысында үздік ойын көрсеткен спортшылар арнайы марапаттарға ие болды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Тереңкөл ауданында «Заң мен тәртіп» концепциясын жүзеге асыру аясында жағажай волейболынан турнир ұйымдастырылды.
— Спорттық шараның негізгі мақсаты – жастар арасында құқықтық мәдениетті қалыптастыру, тәртіпті нығайту, заңға деген құрметті арттыру және адал ойын қағидаттарын насихаттау, - дейді ұйымдастырушылар.
Ашық аспан астында өткен жарысқа ауданның түрлі ауылдық округтерінен спортқа қызығушылық танытқан жастар қатысты. Турнир барысында командалар өзара шеберлік пен төзімділіктерін сынап, тартысты ойын өрнегін көрсетті. Бәсеке қатысушылардың спорттық дайындығын ғана емес, ауызбіршілігін де көрсете білді.
Жарыс қорытындысы бойынша қарсыластарынан оқ бойы озық шыққан Октябрь ауылының командасы бірінші орынды қанжығаласа, жүлделі екінші орын Песчаное ауылының командасына бұйырды. Ал үздік үштікке Алтай ауылының командасы кірді.
Сонымен қатар, турнир барысында үздік ойын көрсеткен спортшылар арнайы марапаттарға ие болды. Ұйымдастырушылар «Үздік ойыншы», «Үздік шабуылшы» және «Үздік байламдаушы» аталымдары бойынша жеңімпаздарға кубоктар мен сыйлықтар табыстады.
Шара қатысушыларға салауатты өмір салтын насихаттап қана қоймай, жастар арасындағы достық пен командалық рухты нығайтуға мүмкіндік берді.