Тереңкөлде 21 жасқа толмағандарға сыра сатқан кәсіпкер жазаланды
Сауда нүктесі енді бір ай бойы ішімдік сата алмайды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Аудандық сот баспасөз қызметінің мәліметінше, оқиға қаңтар айында Тереңкөл ауылындағы дүкендердің бірінде болған. Сатушы әйел 2005 жылы туған (21 жасқа толмаған) азаматқа құны 530 теңге тұратын бір банка сыра сатқан. Бұл дерек тиісті органдармен тіркеліп, сотқа жолданды.
Сот отырысында дүкен иесі өз кінәсін толық мойындады. Ол хаттамада көрсетілген мән-жайлармен келісіп, құқық бұзушылықты растады.
– Сот кәсіпкерді кінәлі деп танып, оған 121 100 теңге мөлшерінде айыппұл салды. Сонымен қатар, алкоголь өнімін сақтауға және бөлшек саудада өткізуге берілген лицензиясының қолданысы бір айға тоқтатылды, — деді соттың баспасөз қызметі.
Мамандардың айтуынша, заң бойынша алкоголь өнімдерін 21 жасқа толмаған тұлғаларға сатуға қатаң тыйым салынған. Бұл талапты бұзу кәсіпкерлік қызметтің шектелуіне және ірі көлемдегі қаржылай шығынға әкеп соғады.
Қаулы заңды күшіне енді.