Тереңкөл ауданының көркеюіне бір миллиард теңгеге жуық бөлінген
Бұл қаражаттың жартысы ауылдағы оқу орнының жөнделуіне жұмсалған, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыс әкімі Асайын Байханов Тереңкөл ауданы Калиновка аулына іссапармен барды.
Калиновка ауылында ауылдық клуб (121,8 миллион теңге), медпункт (78,6 миллион теңге), мектеп (487,7 миллион теңге) күрделі жөндеуден өтіп, 5,5 шақырым ауылішілік жолдар (202,5 миллион теңге) абаттандырылды.
Мердігер аудан бюджетінен 16,8 миллион теңгеге шағын футбол алаңын орнатуды аяқтап, балалар ойын алаңын абаттандыруға 7,9 миллион теңге жұмсады.
Сондай ақ, Береговое ауылында өрттен зардап шеккен мәдениет үйінің ғимараты қалпына келтірілуде. Шатырды жөндеуге 378,6 миллион теңге жұмсалады. Облыс әкімдігінің қолдауымен ауылға 559 миллион теңге көлемінде бонустық трансферт бөлінді. Аудандағы 12 шақырым ауылішілік жол жөндеуді қажет етеді. Октябрь ауылын жарықтандыруға 54,9 миллион теңге қажет. Ауылдарға кірме жолдарды жөндеуге 215,2 млн теңге бөлінді.
Тереңкөл ауданының әкімі Азамат Манғұтовтың айтуынша, биыл әкімдік көп балалы және әлеуметтік осал отбасылар үшін тұрғын үй салуды жоспарлап отыр, бұл мақсатқа 927 миллион теңге бөлінген.
– 60 пәтер сатып алуды жоспарлап отырмыз, оның ішінде Тереңкөл ауылында 24 пәтерлік екі үй салу жоспарда бар. Қазіргі таңда 600 тұрғын кезекте тұр, – дейді Азамат Манғұтов.
Үйлердің құрылысы келесі аптада басталады. Қазандықтың жанынан жер телімі анықталды, бұл су құбыры мен жылу желілерін орнатуды жеңілдетеді.