Тереңкөлде браконьер ұсталды
 
                                    Өңірде 100-ге жуық экологиялық құқықбұзушылықтың жолы кесілді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Павлодар полицейлері «Браконьер» жедел-профилактикалық іс-шарасын өткізу барысында 10 күн ішінде табиғат қорғау заңнамасын бұзудың 94 фактісін анықтады. Олардың ішінде — балық және өзге де жануарлар мен өсімдіктерді заңсыз аулау, балық аулау және су биоресурстарын қорғау қағидаларын бұзу, заңсыз аңшылық, ағаштарды заңсыз кесу, жою немесе зақымдау деректері бар.
Бұдан бөлек, заңсыз жолмен ауланған 9,5 келі балық, заңсыз атылған «сібір елігінің» 2 өлексесі, құқықбұзушылық жасауға арналған 8 құрал және 6 автокөлік тәркіленді.
– Мысалы, Тереңкөл ауданының Жаңабет ауылы маңында тәртіп сақшылары «ВАЗ 2121» маркалы автокөлікті тоқтатты. Көлікті қарау кезінде жүксалғыштан ұзындығы 100 метр болатын 2 дана монотор, резеңке қайық және салмағы 9,5 кг балық табылды. Бұзушыға қатысты әкімшілік хаттама толтырылып, іс материалдары сотқа жолданды, – делінген хабарламада.
Павлодар облысының полиция департаменті өңір аумағында браконьерлік және биологиялық ресурстардың заңсыз айналымы фактілерін анықтау мен жолын кесу жұмыстары 19 қарашаға дейін жалғасатынын еске салады және облыс тұрғындарын табиғатты қорғауға, заң талаптарын сақтауға шақырады.
 
                         
 
                    
                 
                    
                 
                    
                 
                    
                 
                    
                 
                    
                 
                    
                 
    
             
    
             
    
             
    
             
    
             
    
             
    
 
    
 
    
 
         
    
 
    
                                        
                                     
    
 
    
 
    
