Торайғыров университетінде туризм мен қоғамдық тамақтану саласының болашағы талқыланды
Павлодарда өткен халықаралық конференцияда қонақжайлылық индустриясын дамыту мен дуалды білім беру мәселелері көтерілді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Павлодарда Торайғыров университеті мен Павлодар сервис және тамақтану колледжінің ұйымдастыруымен қоғамдық тамақтану, қонақүй бизнесі, мейрамхана сервисі және туризм саласындағы жұмысшы мамандықтарға арналған халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті.
Шараға Қазақстан, Ресей және Германиядан келген жоғары оқу орындарының оқытушылары, студенттер, жұмыс берушілер және қонақжайлылық индустриясының сарапшылары қатысты.
Кездесуді ашқан Торайғыров университетінің ғылыми жұмыс және зерттеулерді коммерцияландыру жөніндегі проректоры Нұрлан Ержанов сала мамандарын даярлауда білім беру ұйымдары арасындағы ынтымақтастықтың маңыздылығын атап өтті.
Павлодар сервис және тамақтану колледжінің директоры Гүлмира Шұғабаева колледждің аймақтық құзырет орталығы ретіндегі рөлін тілге тиек етті. Германиядан келген сарапшы Хелен де Вольф оқу орнының халықаралық серіктестік тәжірибесіне жоғары баға беріп, студенттердің тәжірибеге бағытталған білім алуының тиімділігін атап өтті.

Сонымен қатар, бизнес өкілдері де өз ойларын ортаға салды. «Крендель» ЖШС бас директоры Меруерт Мұзапарова өңірде кондитерлік және мейрамханалық істің даму перспективалары туралы айтты.
– Пленарлық отырыста WorldSkills стандарттарын енгізу, дуалды білім беру, цифрландыру және тұрақты технологияларды дамыту мәселелері талқыланды. Онлайн форматта Қазан, Ақтау, Алматы және Павлодар қалаларынан қосылған мамандар туризм саласындағы халықаралық тәжірибе мен энергия үнемдейтін технологиялар туралы баяндама жасады, – деді Торайғыров университетінде.
Конференция соңында Павлодар сервис және тамақтану колледжі базасында Торайғыров университетінің география және туризм кафедрасының филиалы салтанатты түрде ашылды.