Павлодар облысында көктемгі демалыста 70 мыңнан астам оқушы қамтылды

Павлодар облысында көктемгі демалыста 70 мыңнан астам оқушы қамтылды
Фото: Павлодар облысының білім беру басқармасы

Осы кезеңде оқушылар үшін білім беру, шығармашылық және спорттық іс-шаралар ұйымдастырылды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Облыстық білім беру басқармасы баспасөз қызметінің мәліметінше, мектептерде демалыс аясында танымдық және тәрбиелік бағыттағы бағдарламалар ұйымдастырылды. Оқушылар «Менің отбасымдағы Наурыз» онлайн-челленджіне қатысып, ұлттық дәстүрлерді насихаттады. Сонымен қатар зияткерлік ойындар, тақырыптық кездесулер мен әңгімелер арқылы білімдерін кеңейтті.

Демалыс күндері шығармашылық пен спорттық белсенділік қатар өрбіді. 

– Бастауыш сынып оқушылары эстафеталар мен сурет байқауларына қатысса, жоғары сынып оқушылары жобаларын қорғап, олимпиадалар мен түрлі байқауларда бақ сынады. Сондай-ақ қорытынды аттестацияға дайындық үшін қосымша сабақтар мен консультациялар өткізілді, – делінген хабарламада.

Сондай-ақ, оқушылар арасында «100 асық» ұлттық ойыны, табиғатқа арналған викториналар және «Менің отбасым» фотокөрмесі ерекше қызығушылық тудырды. Бұл іс-шаралар балалардың мәдениетке, табиғатқа және отбасы құндылықтарына деген қызығушылығын арттырды.

Сонымен қатар демалыс бағдарламасына заманауи форматтар да енгізілді. «Менің каникулым объективте: үздік фото» онлайн-челленджіне 300-ден астам оқушы қатысса, «Заңмен дос болайық» құқықтық квест-ойынына 2000-нан астам бесінші сынып оқушылары тартылды. «Ашық әлем» жасөспірімдер клубтарында 1000-нан астам балаға арналған түрлі іс-шаралар өтті.

Демалыс аясында білім беру сапарлары да ұйымдастырылды. Аққулы ауданының оқушылары Түркістан қаласына барып, тарихи-мәдени орындармен танысты.

Осылайша, көктемгі демалыс оқушылар үшін жаңа білім мен тәжірибе алуға мүмкіндік берген кезең болды.