Усолка шағын ауданының жылу желілері жаңартылды

Усолка шағын ауданының жылу желілері жаңартылды
Фото: Валерий Бугаев

Жөндеу науқаны жылу және ыстық сумен жабдықтау жүйелерін қамтыды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Биыл Усолка шағынауданындағы орамішілік жылу желілері толығымен ауыстырылды. Жұмыстар Ломов және Жаяу Мұса көшелері, сондай-ақ Майра, Ткачев, Академик Сәтбаев және Бекқожин көшелері аумағын қамтыды.

«Павлодар жылу желілері» ЖШС бас инженерінің пайдалану жөніндегі орынбасары Жанат Семеновтің айтуынша, жөндеу барысында зақымдануға және техникалық ақауларға бейім жекелеген учаскелерді қайта жаңарту туралы шешім қабылданған.

– Биыл Усолка шағынауданының орамішілік желілері толығымен ауыстырылды. Оның ішінде жылу және ыстық сумен жабдықтау құбырлары да бар. Негізгі жөндеу жұмыстары аяқталды, қазір абаттандыру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Мамандар жұмыс жүргізілген учаскелерді ретке келтіруде. Бұл жұмыстар жылумен жабдықтауға әсер етпейді, – деді Жанат Семенов.

Маманның айтуынша, Павлодардағы жылу желілерінің жалпы ұзындығы 834 шақырымды құрайды. Жыл басында олардың тозу деңгейі 93,6% болса, 1 мамырға қарай бұл көрсеткіш 87%-ға дейін төмендеген. Жөндеу науқаны аяқталған соң мамандар тозу деңгейі 85,5%-ға дейін төмендейді деп күтілуде.

Бұған дейін қалада орталық жылу пункттерін қайта жаңғырту жұмыстары басталған болатын. Алдағы төрт жылда Павлодардағы барлық орталық жылу пункттерін жаңарту жоспарланып отыр.

Сонымен қатар «Павлодар жылу желілері» жылу желілерінің цифрлық егізін әзірлеп жатыр. Жүйе жылу инфрақұрылымының жұмысын нақты уақыт режимінде бақылауға және түрлі жағдайларды модельдеуге мүмкіндік береді. Цифрлық модельді әзірлеуге 420 миллион теңгеден астам қаржы жұмсалады. Осындай тәжірибе Екібастұзда да қолданылып келеді.