Павлодардағы орталық жылу пункттерінің барлығы жаңартылады
Жоспар 2030 жылға дейін шақталған, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Павлодарда жылумен жабдықтау жүйесін жаңғырту жұмыстары жалғасып жатыр.
Алғашқы нысандардың бірі – Назарбаев және Толстой көшелерінің қиылысындағы №69 орталық жылу пункті. Мұнда құрылыс-монтаж жұмыстары аяқталуға жақын.

«Павлодар жылу желілері» ЖШС пайдалану жөніндегі бас инженерінің орынбасары Жанат Семеновтың айтуынша, орталық жылу пунктінің ғимараты 29 жылдан бері пайдаланылып келеді.
– Пайдалану жылдары негізгі технологиялық және электр жабдықтары физикалық және моральдық тұрғыдан тозды. Жұмыс аясында құбырлар, жылу алмастырғыш және электр жабдықтары толық ауыстырылды. Қазір негізгі құрылыс-монтаж жұмыстары аяқталды, енді іске қосу-баптау жұмыстары жүргізіледі, – деді Жанат Семенов.
Жаңартылғаннан кейін жабдықтардың жұмысы сенімді әрі тиімді болмақ. Жалпы Павлодарда 23 орталық жылу пунктін жаңарту жоспарланған.

Жылу желілері де жаңартылып жатыр. Биыл кәсіпорын мамандары үш шақырымға жуық құбырды жөндеді. Қазір Жұмабаев көшесінде ұзындығы 600 метрден асатын учаскедегі жұмыстардан кейін аумақты абаттандыру жүргізіліп жатыр.
Жаңарту аяқталғаннан кейін төрт көпқабатты үй мен 200-ге жуық жеке үйдің жылумен қамтылуы жақсарады.
Тағы 14 нысанда жобаларды дайындау жұмыстары жүріп жатыр. Мамандар жобалық-сметалық құжаттаманы әзірлеп, кешенді ведомстводан тыс сараптамадан өткізуде. Жобалар бойынша оң қорытындыны 2026 жылдың төртінші тоқсанында алу жоспарланған.
Ағымдағы және күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін кәсіпорын екі арнайы техника сатып алды. Оның бірі – жылжымалы автожөндеу шеберханасы, екіншісі – кран-манипулятор қондырғысы бар борттық автомобиль.
Сонымен қатар мамандардың жұмысына қажетті 33 кеңсе техникасы сатып алынды. Барлық жабдық кәсіпорынға толық жеткізілді.
Нәтижесінде Павлодарда жылу энергиясын тасымалдау және тарату жүйесін жаңғыртып, қала тұрғындарын сапалы әрі тұрақты жылумен қамтамасыз ету көзделіп отыр.