Успен ауданынан көрші ауданға баратын «толқынды» жол жөнделеді
Жоба қолдау тапты, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Темирязев ауылының мәдениет үйінде облыс әкімі Асайын Байхановтың Успен ауданының тұрғындарымен тұрақты кездесуі өтті. Қоңырөзек ауылының тұрғыны, еңбек ардагері Ислам Рысмағамбетов кеңес үкіметі кезінен жөнделмеген Рождественка тас жолының 13-15 шақырымында көліктер тегіс емес «толқынды» жолмен жүріп өтетінін айтты.
– Ол жолды жалпы білеміз. Бар ақпаратқа сәйкес, бұл жолдың 3-4 шақырымы Павлодар ауданында, ал қалғаны Успен ауданында. Жалпы ол жолды біз істейміз, жоспарда бар, – деді облыс әкімі.
Оның сөзінше, жобаның бір бөлігі дайын, ол көктемде қарастырылады. Ал екінші бөлігі Павлодар ауданы немесе Успен ауданы өзінің балансына қабылдап, жоба жасағаннан кейін қолға алынады. Асайын Байханов жобаны 2026 жылдың бюджетіне енгізу керектігін айтты.
Айта кетейік, ауданда жолдардың 93 пайызы нормативтік жағдайда. Биыл жалпы ұзындығы 36 километр 13 аудандық маңызы бар жолдарды асфальттау бойынша жобалар іске асты. Аудандық маңызы бар жеті шақырымға жуық кірме жолдарды және елді мекендердегі 114 шақырымға жуық көше жолдарын жөндеу қажет, – деді аймақ басшысы.
– Тұрғындардың көптеген өтініштері бойынша келесі жылдан бастап Ковалевка, Қызылағаш, Қозыкеткен, Тобылжан ауылдарының кентішілік жолдарын, сондай-ақ, Қаратай ауылының көшелерін орташа жөндеу жобалары ескерілді. «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында Қоңырөзек ауылында ұзындығы 5,3 шақырым 6 кентішілік жолға орташа және мектебінің күрделі жөндеу жұмыстары толықтай аяқталды, – деді облыс әкімі.
Келесі жылы жоба шеңберінде Ковалевка және Қаратай ауылдары қамтылады. Бұл орайда 320 миллион теңге сомасына 4,5 шақырым кентішілік жолдары орташа және Ковалев мектебі жөндеу жобалары қолдау тапты.