Успен ауданында қолөнерші маржан моншақтармен ою-өрнек салады
Жұмагүл Сүйінбайқызы – әуесқой тігінші, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Үш баланың анасы жолдасымен Успен ауданына 2024 жылдың наурыз айында Қытай елінен көшіп келген. Ол жақта тұрғанда да қазақтың ұлттық өнерін насихаттап, тігін шеберханасын ұстаған. Кейін тарихи Отанына оралу мүмкіндігі пайда болған кезде еш ойланбастан елге қоныс аударуға бел байлаған. Осылайша бүгінде Успен ауданында өз ісін әрі қарай жалғастыру мақсатында бір орынжайды жалға алып, тігінхана ашқан. Болашақта грант алып, әрі қарай кәсібін дамытуды армандайды.
– Тұрмысқа шықпас бұрын тігіншілік өнерін өзім ізденіп үйрендім. Жаңадан бастаған кезде жеңіл өрнектерді тігетінмін, қазіргі кезде әртүрлі киімдерді маржан моншақпен оюлап тігемін, – дейді қолөнерші.
Қолөнерші бас киімдерді, қамзол, кәжекей, көйлекті әр адамның талғамы мен тапсырысына қарай жасауды қолөнерге деген құрмет деп есептейді.
– Қолөнермен табыс тауып, тігіншілікті күнделікті жұмысқа айналдырдым. Ине ұстап, моншақпен ою тігуден еш жалыққан емеспін. Бүгінде жастардың арасында арнайы бас киім тіктіріп, киіп жүру сәнге айналған. Сол себепті де өзгеше үлгідегі тақиялар тігуге тырысып жүрмін, болашақта шеберлердің көрмелері болса, өзімнің тауарларымды апарып көрсетсем деген ойым бар, – дейді шебер.
Оның айтуынша, оюлап ою жұмысы ежелден нәзік сезімді, ұлттық рухымызды көрсетеді. Оны әдемі әрі нәзік көрсету үшін маржан тастармен, моншақтармен безендіреді. Бұл моншақтар қыз-келіншектерін ажарын аша түседі.
Ерекше талантымен танылған ісмер болашақта өзінің жеке брендін қалыптастыруды жоспарлап отыр.
Таңнұр Әленқызы