Павлодар облысында қандай салаларда мамандар тапшы?

Павлодар облысында қандай салаларда мамандар тапшы?
Константин Шелковтың фотосы

Үш мыңға жуық бос жұмыс орны бар, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Самал Қадырова атап өткендей, кәсіпорындар enbek.kz электронды еңбек биржасына өздерінің бос жұмыс орындарын белсенді түрде орналастыруда.

– Қазір электронды портал бетінде шамамен үш мыңға жуық бос жұмыс орны көрсетілген. Жыл соңына дейін мамандар жетіспейтін кәсіпорындарды толықтай кадрмен қамтамасыз етуді жоспарлап отырмыз. Бұл бағытта қалалар мен аудандардағы мансаптық орталықтар жұмыс істеп жатыр, – деді Самал Қадырова.

Мамандардың айтуынша, кадр тапшылығы өнеркәсіп, көлік, сондай-ақ білім беру мен денсаулық сақтау сияқты әлеуметтік бағыттар болып отыр.

Мысалы, облыс орталығында мың жарымнан  астам жұмыс орны ашық тұр. Соның ішінде  жалақысы 150 мың теңге болатын машина жасау колледжіндегі кітапханашы және 250 мың теңге жалақылы жүк тиеуші лауазымдары бар.

Мемлекеттік және жеке жобаларды қамтитын жұмыспен қамту картасы аясында биыл облыс бойынша 25 500 жұмыс орнын құру жоспарланған, оның 18 600-ы – тұрақты жұмыс орындары.

Бүгінгі таңда жоспар артығымен орындалды. Атап айтқанда, 25 541 адам жұмыспен қамтылған, бұл жоспардың 100,2 пайызын құрайды. Олардың 20 730-ы  міндетті зейнетақы жарналары жүйесіне қатысушылар ретінде тіркелген, бұл 81,3 пайызға тең. Осы көрсеткіш бойынша Павлодар облысы республикада екінші орында тұр. 

Айта кетейік, жалпы ел бойынша зейнетақы жарналарының орындалу деңгейі 69 пайызды құрайды.