Успен ауданында мәдениет үйі мен спорт алаңы ашылды
Қос нысан Республика күні қолданысқа енгізілді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Новопокровка ауылының әкімі Вячеслав Симоненконың айтуынша, спорт алаңы бойынша жоба сомасы 92 млн теңгені құрады. Мердігер – «Галицкое» ЖШС. Бұл кешенге 400 метрлік жүгіру жолы, 100 метрлік аймақ, секіру шұңқыры, шағын футбол алаңы, волейбол және баскетбол алаңдары, воркаут аймағы кіреді.
– Бұл біздің Новопокровка тірек ауылындағы алғашқы осындай спорттық ғимарат екенін атап өткім келеді. Бұған дейін мектепте қарапайым әрі шағын спортзал болды. Балаларға мұндай спортзалда айналысу қиынға соқты. Енді жаңа спорт алаңында спортпен шұғылданатындар саны артады, – дейді Вячеслав Симоненко.
Екінші нысан мәдениет үйі 60-шы жылдардан бері жөнделмеген. Күрделі жөндеуге 55 млн теңге бөлінді. Мердігер – Шымкент қаласының «Алтын жаңбыр» ЖШС. Шатыр мен қасбетті толығымен жөндеу, электр сымдары, жүйелік жылыту, өрт дабылы жөнделіп, терезелер мен есіктерді ішкі әрлеу сияқты жұмыстар жүргізілді.
Мәжіліс залы толығымен жаңартылып, жаңа креслолар, перделер, ламбрекендер, айналар, жарықдиодты шамдар орнатылды. Зал 140 орынға арналған.