Успен ауданының балалар үйіндегі жеткіншектердің арманы қандай?
Мұндағы балалардың көбі – Ақсу қаласы мен Успен, Ертіс аудандарынан, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Успен ауданындағы ресми түрде 2003 жылы ашылған отбасы үлгісіндегі балалар үйінің үш филиалы бар: біреуі – Успен ауылында, екеуі Розовка ауылында орналасқан.
– Бүгінгі таңда балалар үйінің басты мақсаты – ата-анасының қамқорлығынсыз қалған жеткіншектерге өмірлік қиын жағдайдан шығу үшін әлеуметтік және психологиялық көмек көрсету, туған немесе патронаттық отбасыға орналастыру. Біз облыстық «Моральдік қамқоршылық» жобасы аясында балаға рухани, моральдық тұрғыдан тәлімгер болуға ұмтылатын адамдарды шақырғымыз келеді, – дейді директор Тілектес Бейсекина.
Оның айтуынша, тәлімгерлер үнемі баламен байланыста болады, әртүрлі қиындықтарды жеңуге көмектеседі, кеңес береді, моральдік тұрғыдан қолдау көрсетеді. Балалар бос уақыттарында үйірмелерге және әртүрлі секцияларға барады. Мұндағы балалардың көбі – Ақсу қаласы мен Успен, Ертіс аудандарынан. Балалар үйінің әрқайсысы 22 балаға шақталған.
– Қазіргі таңда әрқайсысында 6-7 баладан тұрады. Бұл жерді паналаған жеткіншектердің жастары 3-18 аралығында. Жалпы үш үйде 19 оқытушы бар. Успен ауылындағы балалар үйінде 6 бала болса, оның ішінде екеуі – бір отбасынан. Сондықтан оларға бұл ортаға бейімделу оңайырақ, – дейді Тілектес Бейсекина.
Жақында жеті жасқа толған Олег полицей болуды және өзінің компьютерлік ойынын құрастыруды армандайды. Сегіз жасар Диананың мақсаты – дәрігер болу. Сондай-ақ ол достарының көп болғанын қалайды және болашақта көп ақша жинап, анасына үлкен үй сатып алғысы келеді.
14 және 12 жастағы Илья мен Полинаның мақсаты – әжесімен бірге тұру және көп саяхаттау. 10 жастағы Александр әлемге атақты футболшы болсам дейді. Ксения Кох 11 жаста. Ол ағаларын жиі көргісі келеді және болашақта тату отбасын құрып, әлемді аралағысы келеді.
– Балалар үйінде жыл сайын жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Өскелең ұрпақтың тағдырына бей-жай қарамайтын адамдар да баршылық. Олар көкөніс пен бал түрінде демеушілік көмек көрсетеді. Сондай-ақ орталық өміріне белсене араласатын «Әлия-Стар» ЖШС, Успен ауылының жастар орталығына да алғысымызды білдіргіміз келеді, – дейді мекеме басшылығы.
Тілектес Бейсекина өз тәжірибелерімен және жетістіктерімен бөлісуге дайын тәлімгерлер үшін балалар үйінің есігі әрқашан ашық екенін айтады.
Айзада Байқытжанқызы