Успен ауданының оқушысы Мәскеуден екі медальмен оралды
Екінші сынып оқушысы джиу джитсудан бірінші жасөспірімдер дәрежесіне ие, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Успен ауданының Галицкое ауылындағы Мұхтар Әуезов атындағы ЖОББМ оқушысы облыстық, республикалық, сондай-ақ халықаралық жарыстардың жүлдегері әрі жеңімпазы.
"БЕК TEAM" клубында 4 жыл жаттыққан Мансұр Келдібеков ҚР мен Ресейдің түрлі қалаларында өткен додаларда жеңіс тұғырына 40 рет көтерілген. Оның қоржынында барлығы 55 медаль бар.
Әкесі жас спортшыны облыс орталығына жаттығуға аптасына үш рет әкеледі. Екі арадағы жолға шамамен күніне екі сағат уақыт кетеді.
Баланың әкесі Бекболат Келдібековтің айтуынша, олардың отбасында спортшылар болмаған. Алайда баласының спортқа деген қызығушылығын көргеннен кейін таңдау аз жарақат алатын спорт түрі ретінде джиу джитсу грепплингіне түскен.
- Балаға спорт керек, - дейді Бекболат Келдібеков. – Міне, біз жаттығуға кетіп барамыз. Уақыт өте келе бұл жолға да бейімделдік. Баламның жаттығуы болмаған кездеьонымен бірге үйде жаттығамыз. Ұлымның жаттығуынан қалып қоймауы үшін өзімнің жұмыс кестемді соған сай реттедім.
Бұл Мансұрдың бірінші жасөспірімдік дәрежесі. Сондай-ақ оның сұр, сұр-қара, сары-ақ, сары белбеуі бар.
Жақында өткен "grappling Academy Europe-2023" ересектер мен балалар арасындағы грепплинг және грепплинг-ги турнирінде Мансұр Келдібеков екі қола медаль жеңіп алды.
Әсия Серікова
Фото: Бекболат Келдібеков