Ақсуда көпқабатты тұрғын үйлердің 40 пайызға жуығы ыстық сусыз отыр
Металлургтер шаһарында 265 көпқабатты тұрғын үй бар, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Ақсу қаласының әкімі Нұрлан Дүйсембиновтің айтуынша, оның ішінде үш шағын ауданда 101 көпқабатты тұрғын үйге ыстық су берілмеген.
– Үшінші, бесінші және сегізінші шағын аудандарда аулаішілік жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Мердігер сегізінші және бесінші шағын аудандарда 10 қыркүйекке дейін, үшінші шағын ауданда 15 қыркүйекке дейін жұмысты аяқтайды, – деді Нұрлан Дүйсембинов.
Облыс әкімі Асайын Байханов аталған мәселені шешу бойынша жұмысты жеделдетуді тапсырды.
– Реконструкия жүргізілген жерлерде абаттандыру жұмыстарын жүргізу керек. Бұл – үш қалаға да қатысты мәселе. Себебі, тұрғындарға қолайсыздық тудырады. Әрине, жердің бәрін қазу, ескі құбырларды жаңасына ауыстыру оңай жұмыс емес. Көп адамдар оны түсіне қоймайды. Дегенмен, абаттаныдыру жұмыстары көктемге қалып қоймасын, – деп ескертті аймақ басшысы.
Еске сала кетейік, облыс әкімдігінде өткен аппараттық жиында ауа райына байланысты жылу беру маусымын ерте бастау жайлы айтылған болатын.