Павлодар облыстық ауруханасында көзге лазерлік операция жасау мүмкіндігі пайда болуы мүмкін
Қажетті жабдық алынған жағдайда, жаңа қызмет пациенттерге ақылы негізде көрсетілуі ықтимал, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Павлодар облысында офтальмологиялық қызметтің мүмкіндіктерін кеңейту бағытында жаңа технологияларды енгізу мәселесі қарастырылуда. Солардың бірі – лазерлік көруді түзету операцияларын облыстық деңгейде жасау мүмкіндігі.
Бұл туралы Павлодар облыстық Сұлтанов атындағы облыстық ауруханасының офтальмология бөлімінің меңгерушісі, медицина ғылымдарының кандидаты, жоғары санатты дәрігер Қасымхан Тлеубаев мәлімдеді.
Дәрігердің айтуынша, лазерлік көруді түзету – миопия, гиперметропия және астигматизм сияқты көрудің сыну ақауларын түзетудің заманауи әдістерінің бірі.
– Қазіргі таңда біздің орталықта әзірге жоқ жалғыз технология – лазерлік көруді түзету. Дегенмен бұл мәселе қарастырылып жатыр. Біз басқа заманауи хирургиялық технологияларды толық меңгердік, ендігі кезең – қажетті жабдықты сатып алу, – деді Қасымхан Тлеубаев.
Лазерлік көруді түзету технологиясын енгізу жүзеге асқан жағдайда, бұл өңір тұрғындары үшін жаңа медициналық қызмет түрін ұсынуға мүмкіндік береді. Сондай-ақ ақылы қызмет түрлерін кеңейтіп, медициналық туризмді дамытуға жол ашуы мүмкін.
Қазір нақты іске қосу мерзімі белгісіз. Мамандардың айтуынша, бұл ең алдымен қажетті жабдықтың құнына, инвестиция көлеміне және қаржыландыру мәселесіне байланысты.
Офтальмология бөлімінің меңгерушісі атап өткендей, мемлекеттік медициналық мекеме болғандықтан, лазерлік көруді түзету аурухананың негізгі қызмет бағыттарының қатарына кірмейді. Себебі аталған қызмет міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі арқылы қаржыландырылмайды және пациенттің жеке қаражаты есебінен көрсетіледі.
Сонымен қатар, аурухананың диагностикалық базасы толық жаңартылған. Мұнда офтальмологтардың жұмыс орындары, тонометрлер, саңылаулы шамдар және сапалы диагностика жүргізуге қажетті өзге де заманауи құрылғылар бар. Катаракта операцияларын жасауға арналған заманауи микрохирургиялық жүйелер де қолданылады.
– Офтальмологияда жабдықтар өте жылдам жаңарады. Бес жыл бұрын заманауи саналған техника бүгінде талаптарға толық сәйкес келмеуі мүмкін. Сондықтан медициналық құралдарды тұрақты жаңартып отыру маңызды, – деді дәрігер.
Оның сөзінше, жаңа технологияларды енгізумен қатар мамандардың біліктілігін арттыруға да ерекше көңіл бөлінеді. Қызметкерлер конференцияларға, мастер-кластарға және кәсіби форумдарға тұрақты қатысып, заманауи әдістерді меңгеріп келеді.