Велосипед ұрлығы: Павлодарлықтарды сақ болуға шақыруда

Велосипед ұрлығы: Павлодарлықтарды сақ болуға шақыруда
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Күннің жылынуы аулалардағы велосипедтердің жоғалуына жол ашады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі. 

Облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметінің мәлімдеуінше, тұрғындар арасында велосипедінен айырылып қалатындар жиі кездеседі. Көбіне бұл жағдайлардың орын алуына велосипед иелерінің өздері кінәлі болады. Яғни, олар велосипедтерін қараусыз қалдырады, сенімді қорғаныс құралдарымен жабдықтамайды, көшелерде немесе тұрғын үйлердің кіреберістерінде қалдырады, үйге немесе құлыпталатын тамбурларға кіргізу мүмкіндігін ескермейді.

- Былтыр облыс аумағында велосипед ұрлығының 150 дерегі тіркелген, ал биылғы жылы екі дерек орын алды, – делінген хабарламада. 

Велосипед ұрлығының алдын алу мақсатында тәртіп сақшылары қала және облыс тұрғындарына жеке мүлкін қорғаудың негізгі қағидаларын ұстануды ескертеді. Велосипедті қараусыз қалдырмау, оны тұрғын үйлердің кіреберістерінде де, дүкендер мен сауда орталықтарының жанында да бақылаусыз тастамау керек. Сондай-ақ бейтаныс адамдардан бағасы тым арзан болып көрінсе де, велосипед сатып алмау қажет. Мұндай жағдайда сатып алынатын зат ұрланған болуы мүмкін. Велосипедтерді тек арнайы спорт дүкендерінен сатып алған жөн.