«Заң мен тәртіп»: Ақсу оқушыларына адалдық пен әділдік құндылықтары дәріптелді
Ақсу қаласындағы Абай атындағы жалпы орта білім беру мектебінде «Адалдық – адамгершілік белгісі» тақырыбында ашық сабақ өтті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Іс-шара оқушылардың бойында адамгершілік қасиеттерді қалыптастыруға, адалдық пен әділдіктің маңызын түсіндіруге және өз іс-әрекеттеріне жауапкершілікпен қарауға тәрбиелеуге бағытталды.
Сабақ барысында оқушылар өз ұстанымдарына берік болу, өзгелерді құрметтеу және жалпыға ортақ моральдық нормаларды сақтау мәселелерін талқылады. Сонымен қатар, өскелең ұрпақ арасында сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыруға және «Заң мен тәртіп» қағидатын насихаттауға баса назар аударылды.
Оқушылар іс-шараға белсенді қатысып, адалдық, әділдік және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл тақырыптарында плакаттар дайындады. Сондай-ақ заңдылық пен адамгершілік басты құндылық саналатын қоғам туралы өз ойларын ортаға салды.
Ашық сабаққа мектеп директоры, директордың орынбасары, сынып жетекшісі және ювеналдық полиция тобының инспекторы Рауангүл Қуан қатысты. Полиция өкілі оқушыларға заң талаптарын ерте жастан сақтаудың, өз құқықтары мен міндеттерін білудің және айналасындағы адамдардың құқықтарын құрметтеудің маңызын түсіндірді.
– Адалдық, әділдік және заңға құрмет бала кезден қалыптасуы тиіс. Әрбір бала өз іс-әрекетінің салдары болатынын, заңды сақтау және өзге адамдардың құқықтарын құрметтеу қауіпсіз қоғамның негізі екенін түсінуі маңызды. Біз оқушыларды әділетсіздікке бейжай қарамауға, күмәнді ұсыныстарға ермеуге және әрдайым адалдық пен заңдылықты таңдауға шақырамыз, – деді Рауангүл Қуан.
Мұндай тәрбиелік іс-шаралар жасөспірімдердің құқықтық сауаттылығын арттырып, белсенді азаматтық ұстанымын қалыптастыруға және сыбайлас жемқорлыққа төзбеушілік көзқарасын дамытуға ықпал етеді.
Адалдық пен әділдік қағидаттарын бала кезден бойға сіңіру – заңды құрметтейтін, жауапкершілігі жоғары және қоғам игілігіне үлес қосатын ұрпақ тәрбиелеудің маңызды бөлігі.