Жүк тасымалындағы жаңа ережелер: Павлодарда бизнес өкілдері мәселе көтерді

Жүк тасымалындағы жаңа ережелер: Павлодарда бизнес өкілдері мәселе көтерді
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

ҚР Көлік министрлігінің жаңа бұйрығы жүк тасымалдаушылардың жұмысын қиындатты, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Павлодар облысының Кәсіпкерлер палатасында логистика және цифрландыру жөніндегі салалық кеңес бизнес үшін маңызды бірқатар мәселелерді көтерді. Солардың ішіндегі ең өзектісі – шетелдік жүк тасымалына рұқсат бланкілерін бөлудің жаңа механизмі болды.

Мәжілісті «Атамекен» ӨКП директорының міндетін атқарушы Жомарт Сембаев жүргізді. Логистика және цифрландыру жөніндегі салалық кеңес мүшесі, «Штерн» ЖШС-нің бас директоры Валерия Майбах ҚР Көлік министрінің 2024 жылғы 10 шілдеде күшіне енген № 239 бұйрығы тасымалдаушы компанияларға қалай әсер еткенін баяндады. Оның айтуынша, бұл құжат жалпы адамдардың ғана емес, бизнестің де құқықтарын шектеп отыр.

Логистика – бұл өте икемді болуы тиіс сала, өйткені тасымалдаушы кәсіпкерлердің бағыты, жұмыс шарттары сағат сайын өзгеріп отырады. Ал жаңа бұйрық пен рұқсат бланкілерін бөлу механизмімен біз бизнесімізде және өз саламызда еркін жұмыс істей алмаймыз, – деді Валерия Майбах.

Ол бұл бұйрық бланк алғаннан кейін 30 күн ішінде елден шығуды талап ететінін айтты. Егер көлік 30 күн ішінде Қазақстан аумағынан шықпаса, оның VIN-коды бойынша алты ай бойы шекарадан өтуге тыйым салынады. Бұл компаниялардың шетелге жүк жеткізіп табыс табу мүмкіндігін қатты шектейді, ал ел ішіндегі жүк тасымалы кәсіпкерлердің көпшілігі үшін айтарлықтай табыс көзі болып саналмайды.

Қазақстанға кіргеннен кейін де шектеу бар: 30 күн ішінде бланкілерді тапсыруымыз керек. Елден шығу – өте кең ауқымды мәселе, өйткені бізді «цифрға» қосты. Бірақ тіпті заңға бағынатын тасымалдаушының да Қазақстаннан шығуы үшін барлық ақпараттық жүйелерден рұқсат алуы қажет. Алдымен «дозвол» аламыз, оны дәл сол күні жасау керек. Бірақ Павлодар облысында біз оны 3–5 күнде ғана аламыз! – деп қосты Валерия Майбах.

Сондай-ақ, павлодарлық жүк тасымалдаушылар негізінен Қытай, Өзбекстан және Қырғызстан бағыттарына жұмыс істейді, алайда бұл бағыттардағы жолдарда ұзын-сонар кезектер бар. Ресей бағыты бойынша да жағдай осындай. Валерия Майбах «Беркут» электрондық жүйесіндегі ақаулар туралы да айтып, бағдарламаның таңбаларды қате оқитынын, сандарды әріпке ауыстыратынын және көптеген қателік жіберетінін жеткізді. Кейде электрондық жүйе 2–3 апта жұмыс істемей қалады, ал мерзімінде шыға алмағаны үшін тасымалдаушы зардап шегеді.

Павлодар облысы бойынша Көліктік бақылау инспекциясының мемлекеттік қызметтер бөлімі басшысы Марат Тілегенов рұқсат беру жүйесінің алғашында өте нашар жұмыс істегенін мойындады. Алайда, қазір электрондық жүйенің біртіндеп автоматтандыру және бейімделу сатысынан өтіп жатқанын атап өтті. Ол 30 күндік мерзімге қатысты 6 қазанда күшіне енетін жаңа бұйрықтың шығатынын, онда қазіргі механизмдерге өзгерістер енгізілетінін түсіндірді. Атап айтқанда, тасымалдаушыларға елден шығуға 50 күн, ал елге кіруге 60 күн беру жоспарланып отыр.